2023 жылы Қазақстанда мұнай өндіру көлемі артады

0 121

Келер жылы елімізде мұнай өндірісінің көлемі арта түседі деп жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жыл қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі – 84 млн тонна. Бұл – өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 96,5%. Мұнай өндірудің төмендеуі Қашаған кен орнындағы «Болашақ» зауытындағы жоспардан тыс жөндеу жұмыстарына, Қарашығанақтан газ жеткізілетін Орынбор газ өңдеу зауытының тоқтауына, сондай-ақ Каспий құбыр консорциумындағы жөндеу жұмыстарына байланысты болды. Олар 64,8 млн тонна деңгейіндегі мұнай экспортына теріс әсер етті, өткен жылғы деңгейден 4,1%-ға төмен», — деді Энергетика министрі Болат Ақшолақов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министр келтірген мәлімет бойынша, 2023 жылға арналған мұнай өндіру жоспары – 90,5 млн тонна, ал экспорт көлемі – 71 млн тонна.

«Мұнай өндіру саласында ірі жобаларды іске асыру бойынша еліміздің 3 негізгі кен орнында жұмыс жалғасады. Теңіз кен орнында мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік беретін жоба іске асырылып жатыр. Биыл жоба бойынша жұмыстың жалпы ілгерілеуі – 95,2%. Жобаны 2024 жылы аяқтау жоспарланып отыр. 2023 жылы Теңізде ұңғыма ернеуінің қысымын басқару жобасы аяқталады. Ол келешекте кен орнында жұмыс істейтін зауыттардың өңдеу қуаттарының толық жүктелуін қамтамасыз етеді», — дейді министр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.