Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді

0 5

Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Үкімет сайты.

Отырыста жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Сирия Араб Республикасына 50 тонна гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылданды.

Мемлекеттік материалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінеді. Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша Алеппо қаласына төрт әуе рейсімен жеткізілмек.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Сирияға гуманитарлық көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын.

Айта кетейік, Сирияның түрлі аймақтарында екі жойқын жер сілкінісі құрбандарының саны 2802-ге дейін өсті. Зардап шеккендердің саны – 5 035. Бұған дейін Қазақстан Үкіметі Түркияға гуманитарлық көмек ретінде $1 млн бөлді.Соңғы мәлімет бойынша Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты.

Фото: primeminister.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.