Биылғы күзгі-жиын терім ала жаздай тынымсыз еңбек еткен диһаншылар үшін оңайға соққан жоқ. Жаз бойы кейбір өңірді аптап ыстық қысса, күз келгенде негізгі астықты өңірлерде жаңбыр 25 күн үздіксіз жауып, егін орағына кедергі келтірді. Дегенмен, Үкімет тарапынан қабылданған шаралардың арқасында егін толығымен бастырылды. Әрине, өткен жылмен салыстырғанда астық сапасы төмен. Бірақ, ел тұрғындарының наннан тарықпауына жеткілікті, деп хабарлайды Kazinform.
Наннан тарықпаймыз
Жалпы, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналған алаң 24 млн гектар болды. Бұл — 2022 жылмен салыстырғанда 651,8 мың гектарға көп. Оның ішінде астық 17,4 млн гектар алқапқа астық себілді. Әзірше, ауыл шаруашылығы дақылдары түсімінің қорытынды деректері шыққан жоқ. Ал қолда бар облыс әкімдіктерінің жедел ақпаратына сәйкес, республика бойынша барлығы 16,2 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе 93,5 пайызы жиналды. Егер дақылдар бөлінісінде, оның ішінде әлеуметтік маңызды дақылдар бөлінісінде қарайтын болсақ, онда 12,8 млн гектар алқаптан бидай жиналды. Орташа өнімділік — гектарына 8,6 центнерден 10,9 млн тонна астық бастырылды. Өткен жылы орташа өнімділік — гектарына 12,9 центнер болып, 16,6 млн тонна астық алған едік.
Негізгі астықты өңірлерге келер болсақ, Ақмола облысында егіс алқаптары 5,4 млн гектар болды. Оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар — 4,7 млн гектар. Орташа өнімділік гектарына 6,4 центнер болғанда, 3 млн тонна астық бастырылды. Қостанай облысында егіс алқаптары — 5,5 млн гектар. Өңір гектарына 9,2 центнерден 3,5 млн тонна астық алды. Солтүстік Қазақстан облысында егіс алқаптары — 4,4 млн гектар. Облыс дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 100 пайыз жинап алды. Орташа өнімділік гектарына 11,1 центнер болғанда, 3,7 млн тонна астық бастырылды. Ал Қарағанды облысында егіс алқаптары — 1,2 млн гектар, оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар — 993,2 мың гектар. Орташа өнімділік гектарына 6,5 центнер болғанда, 595,2 мың тонна астық алынды.
Бұған дейін айтқанымыздай, осы жыл фермерлер үшін оңай болмады. Жекелеген өңірлерде күн қатты ысып, негізгі астық егетін өңірлерде ұзаққа созылған нөсер жаңбырға ұласты. Бұл жағдайлар ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне, олардың сапасының төмендеуіне айтарлықтай әсер етті. Нөсер жаңбырдың салдарын барынша азайту мақсатында Үкімет мынадай шаралар қабылдады:
Бірінші, Үкімет резервінен Жамбыл облысының зардап шеккен шаруаларына қаржылық көмек ретінде 3,7 млрд теңге бөлінді.
Екінші, астықты кептіру үшін литріне 250 теңге бағамен 62,5 мың тонна көлемінде жеңілдікті дизель отыны бөлінді. Бұл — нарықтан 15 пайызға төмен.
Үшінші, «Бәйтерек» холдингінің қаржы институттары тауар өндірушілерге қатысты айыппұл санкцияларын қолданбай кредиттер мен қарыздарды ұзартуды жүзеге асырып жатыр.
Төртінші, субсидиялар төлеу жөніндегі міндеттемелерді толық көлемде орындау жөнінде шаралар қабылданады.
Мұнан бөлек, Мемлекет басшысының зардап шеккен шаруашылықтарға қаржылық және өзге де көмек көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Премьер-Министрдің төрағалығымен Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өткен еді. Онда Азық-түлік корпорациясы желісі бойынша фермерлер үшін әділ сатып алу бағасы нарықтық деңгейде белгіленді. Форвардтық сатып алу бойынша 3 сыныпты бидайдың бағасы 120 мың теңге, 4 сыныпты бидайдың бағасы 105 мың теңге болды. Міндеттемелерді орындау үшін айыппұл санкцияларын қолданбай ақшалай немесе сапаның нашарлағаны үшін 5 пайыз мөлшерінде өтемақы төлей отырып, 4-сыныпқа ауыстыру мүмкіндігі берілетін болды. Форвардтық сатып алу және тауарлық кредит міндеттемелерін орындау 1 жылға шегерілді.
Таяуда Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов та биыл еліміздің егіншілері үшін өте қиын жыл болғанын атап өтіп, дегенмен наннан тарықпайтынымызды айтқан еді.
«Қолайсыз ауа райы диқанға да, техникаға да қолбайлау болды. Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеваторларға түскен бидайдың 40%-ға жуығы ешқандай класқа жатпайды. Алайда қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті», — деген-ді Әлихан Смайылов.
Жалпы алғанда биыл жиналатын астық көлемінің былтырғы жылмен салыстырғанда кемігендігіне қарамастан, күтілетін астық өнімі Қазақстанды нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ дәстүрлі экспорттық нарықтарға жөнелтуге жеткілікті болады.
Күріш жеткілікті
Бүгінде Қызылорда облысы ішкі нарықты 100 пайыз дерлік күрішпен қамтып отыр. Сыр бойының бренді саналатын күрішке шетелдер тарапынан да сұраныс жоғары. Өңір өнімін Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Украина, Тәжікстан, Моңғолия, Грузия, Ауғанстан, тіпті АҚШ-қа да экспортқа шығарады. Биыл өңір жақсы өнім жинады. Мәселен, 2018 жылы су тапшылығы мен ауа райының қолайсыздығына қарамастан гектарына 54,8 центнерден 473 мың тонна күріш өнімі жиналған еді. Ал биыл да жаз айларында су тапшылығы болғанына қарамастан 503 мың тонна өнім жиналып отыр.
«Биылғы вегетация кезінде су тапшылығы қатты сезіліп, диқандарымызға оңай соққан жоқ. Дегенмен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкімет басшысының қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын-алу шаралары қабылданды. Дер кезінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде егілген 89 мың гектар күріштен 503 мың тонна өнім жиналып, орта өнім гектарына 56,5 центнерді құрады», — деген еді Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Таяуда «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Нұрлыбек Нәлібаев өңірде күріш алқабы қысқартылмайтынын айтқан болатын.
«Күріш алқабын мүлдем қысқартуға болмайды. Өйткені, біздің өңір күріш өсіруге бұрыннан бейімделген. Жеріміздің құнарлығы басқа өңірлерге қарағанда төмен. Басқа дақылдардың өнімі аз болады. Бұған дейін басқа да дақылдар өсіріп көрген. Шынымен өте қиын. Дегенмен, соған қарамастан егістік алқаптарын әртараптандыру үшін суды аз қажетсінетін дақылдар алқабының көлемін ұлғайтып жатырмыз», — деген еді ол.
Күнбағыс тұқымына экспорттық квота қашан берілмек
Биыл орташа өнімділігі гектарына 8,4 центнерден 1,6 млн тонна май тұқымы жиналды. Оның ішінде күнбағыс орташа өнімділігі гектарына 11,6 центнерден 747,5 мың тонна бастырылды. Айта кетерлігі, елімізде күнбағыс тұқымының экспортына шектеу бар. Бұл шара әлемдік нарықтарда осы өнімге деген сұраныстың күрт өсуіне байланысты экспорт көлемі артып, отандық қайта өңдеушілер қол жетімді шикізатсыз қалуын болдырмау мақсатында енгізілген. Экспорттың кедендік баж мөлшерлемесі 20 пайызды немесе тоннасына 100 евро болады. Аталған шара отандық сұйық май өндірісін арттыруға, оның бағасын тұрақтандыруға, сондай-ақ, сұйық май экспортын асыруға мүмкіндік берді.
Айта кетерлігі, биыл күнбағыс тұқымына экспорттық квота беру жоспарланып, мәселе бірнеше рет тиісті ведомствоаралық комиссияның қарауына да шығарылған еді. Алайда қалдықтардың көлемі бойынша статистика органдары мен қайта өңдеушілердің мәліметтері арасында қайшылықтар болғандықтан квота бөлу мәселесі шешілген жоқ. Қазіргі кезде күнбағыс тұқымын жинау науқаны әлі жүріп жатыр. Алайда биылғы ауа райының қолайсыздығына байланысты күнбағыс тұқымының жиыны жылдағыдан елеулі аз болуы күтіліп отыр. Сондықтан, қайта өңдеу көлемдерін биылғы деңгейде сақтап қалу мақсатында квота бөлу мәселесі және эспорттық кедендік бажды алып тастау мәселесі жинау жұмыстары аяқталған соң мұқият зерделенбек.
Көкөніс бар, сақтайтын қойма жетіспейді
Көкөніс өнімдерін жинау жұмыстары республиканың барлық аймағында жүргізіліп жатыр. Әкімдіктердің алдын ала жедел ақпараты бойынша 3,3 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс жиналды. Оның ішінде қырыққабат – 511,6 мың тонна, пияз – 1096,3 мың тонна, сәбіз – 496,2 мың тонна. Бұл — алдын ала дерек. Сондықтан бұл көкөністердің көлемі мұнан да көбірек болуы мүмкін. Ал 2022 жылы 4,1 млн тонна картоп, 621 мың тонна сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 551 мың тонна қырыққабат өндірілді. Жалпы, елімізде жыл сайын 350-400 мың тонна пияз, 3,5 млн тоннадай картоп, 600 мың тонна шамасында қырыққабат және сол шамадан сәбіз тұтынылады.
Бүгінде көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру аясында өңірлер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен форвардтық келісімдер жасасу арқылы маусымаралық кезеңге арналған резервтерді қалыптастыру бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр. Келісімшарттық көлемдер маусымаралық кезеңде сауда желілері, әлеуметтік павильондар және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың меншікті сауда нүктелері арқылы бекітілген төмен бағамен сатылады. Осылайша, қазіргі уақытта 2024 жылғы маусымаралық кезеңіне (2024 жылғы қаңтар-сәуір айлары) 173,7 мың тонна көлемінде көкөніс өнімдерін жеткізуге форвардтық шарттар жасалды. Оның ішінде картоп – 95,1 мың тонна, сәбіз – 28,1 мың тонна, қырыққабат – 22,2 мың тонна, пияз – 28,3 мың тонна.
Айта кетерлігі, елімізде шығатын көкөніс өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етуге жетіп қалады. Алайда, өндіріс көлеміне қарамастан, қыс-көктем кезінде сақтау қуатының төмендігіне байланысты нарықта отандық көкөністер ұсынысы төмендеп отыр. Бұл мәселені шешу үшін көкөніс қоймаларын салу және жаңғыртудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары іске асырылып жатыр. Оның аясында 2021-2022 жылдары жалпы сақтау көлемі 200 мың тоннадан асатын 37 жоба іске қосылды. 2023 жылдың соңына дейін 111 мың тонна өнімді сақтауға мүмкіндік беретін 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда жалпы сыйымдылығы 2 млн тоннаға жуық көкөніс пен жемісті сақтайтын 1 200-ден астам объект бар. Алайда, бұл да жеткіліксіз болып тұр.