Шекарадан 50 шақырым қашықтықта жатқан елді мекендерде жұмыс істейтін азаматтардың айлығына 50 пайыз үстемақы қосылып, еңбек өтілі өзгеше есептелуі мүмкін. Ұлттық экономика министрлігі Kazinform сауалына осындай жауап ұсынды.
— Халықтың көші-қон ағынын азайту және еңбегі артық өңірлерден еңбек мигранттарын тарту мақсатында еңбек тапшылығы бар облыстардың шекаралас елді мекендерінде және экстремалды табиғи-климаттық жағдайлары бар (жылыту маусымы 9 айға созылатын) еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінің және батыс өңірінің жекелеген аудандарында (Мемлекеттік шекарадан 50 км дейінгі қашықтықта орналасқан) шалғай шекара маңындағы ауылдық округтердің тұрғындары үшін уәкілетті мемлекеттік органдар жалақысына 50% дейін үстемеақы қосу және еңбек өтілін есептеудің ерекше нормаларын жүргізу және т.б. мәселелер пысықталып жатыр, — деп жазылған ресми мәліметте.
Ведомствоның дерегі бойынша шекарадан 50 шақырым қашықтықта орналасқан 1 300-ге жуық елді мекен бар.
— Қазіргі уақытта еліміздің 14 облысы Ресей Федерациясымен, Қытай Халық Республикасымен, Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстан аумақтарымен шектеседі.
Тікелей шекара маңы белдеуінде мемлекеттік шекарадан 50 км дейінгі қашықтықта 1,7 млн адам тұратын 1 283 шекара маңындағы ауылдық елді мекен орналасқан, — делінген жауапта.
Ресми мәліметке сүйенсек, кейінгі он жылдың ішінде Қазақстан картасынан 572 ауыл жойылған. Алдағы 3 жылда олардың қатарына тағы 546 ауыл қосылуы мүмкін.