Қазақстанда балалар арасындағы артық салмақ мәселесі қаншалықты өзекті? Кейінгі жылдары жеткіншектер арасындағы семіздік көрсеткіші артты ма? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді.
— Қазақстанда балалар арасында артық салмақ пен семіздік мәселесі өзекті және осы жағдай дәрігерлерді алаңдатып отыр. Семіздік балалар үшін қауіпті, себебі ол қант диабеті, жүрек аурулары, жоғары қан қысымы, тыныс алудың қиындауы сияқты ауруларға әкеледі. Сонымен қатар, балада өзін-өзі бағалау төмендеп, депрессия, жалғыздық, буллингке ұшырау қаупі артады. Бұл жағдай ересек өмірде де созылмалы ауруларға себеп болуы мүмкін.
2020 жылғы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COSI зерттеуіне сәйкес, еліміздегі 6–9 жас аралығындағы балалардың 20,6 пайызында артық салмақ бар, ал 6,6 пайызы семіздікке шалдыққан. Бұл көрсеткіш ер балалар арасында анағұрлым жоғары – артық салмағы бар ұлдар үлесі 23,6% болса, қыздарда – 17,6%, сондай-ақ семіздікке шалдыққан ұлдардың үлесі 8,7%, қыздар 4,6% деңгейінде. Аталған зерттеу аясында шектен тыс семіздік те тіркеліп отыр, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Артық салмақ пен семіздіктің таралуы тұрғылықты жерге де байланысты. Қалалық жерлерде бұл көрсеткіштер ауылға қарағанда едәуір жоғары, яғни қалада – 23,1%, ал ауылда 17,5% шамасында. Әсіресе, қаладағы ұл балалар арасында семіздік пен артық салмақтың таралуы жоғары – 26,8%.
— Соңғы жылдары жеткіншектер арасында да бұл мәселе ушығып келеді. HBSC халықаралық зерттеуінің 2017-2018 және 2021-2022 жылдардағы деректерін салыстырғанда, 11–15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында артық салмақ пен семіздік көрсеткіші 1,6 есеге өскені анықталған. Бұл – өмір салтының өзгеруі, физикалық белсенділіктің төмендеуі және дұрыс тамақтанудың болмауына байланысты. Жалпы, аталған деректер елімізде балалар мен жеткіншектердің денсаулығына қауіп төндіріп тұрған артық салмақ пен семіздік мәселесіне уақытылы әрекет ету қажет екенін байқатып отыр.
Бұл бағытта профилактикалық шаралар, тамақтану мәдениетін қалыптастыру және физикалық белсенділікті арттыру бойынша жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Биыл білім беру ұйымдарында тамақтану стандарты мен ас мәзірі бекітілді. Ол өз кезегінде мектептегі балалардың дұрыс тамақтануына мүмкіндіктер береді. Әйтесе де, балалар мен жеткіншектер арасындағы артық салмақ пен семіздіктің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, бұл бағытта ата-аналар мен педагогтердің білімін көтеру, скрининг және ерте диагностика жүргізу секілді тиісті ұсынымдар берілді, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Былтыр Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегетінін айтқан еді.