Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында 1 мамырдан бастап жедел жәрдем қызметінің жаңа жұмыс тәртібі қалай ұйымдастырылатынын түсіндірді.
— «103» қоңырауының жұмыс тәртібі жедел қызметті қажет ететін азаматтар үшін ешқандай өзгермейді. Түнгі уақытта (сағат 20.00-ден сағаты 8.00-ге дейін – ред.) тек қана жедел жәрдем қызметі бүкіл қоңырауларға 100 пайыз жауап беріп, тиісті көмек көрсетеді. Бүгінде 1 мамырға дейін емханалар тарапынан жәрдем қызметін көрсететін бригадалар болған. Алайда бұл бригадалар барлық емханада бар деуге келмейтін. Көбінесе аутсорсингке беру арқылы бұйрықты орындап жүрді. Бұл жедел жәрдем қызметіне үлкен салмақ түсірді. Яғни, өзінің қызметімен бірге емхананың қызметін де атқарып жүрді. Салдарынан жедел жәрдемнің кешігуі жиіледі. Осыған байланысты күндізгі уақытта (сағат 8.00-ден 20.00-ге дейін — ред.) 4 санатқа жататын тұрғындардан (созылмалы ауруы бар науқастар, дене қызуы көтерілгендер, жүкті әйелдер мен жас босанған аналар, т.б. – ред.) түскен шақыртуларға емханалар өздері баруы керек. Сағат 20.00-ден кейін бүкіл қоңырауды жедел жәрдем атқарады, — деді ол.
Министр айтып отырған мобильдік бригадалар «35 мың тұрғынға 1 топ» қағидатымен жасақталатын. 1 мамырдан бастап бұл норма 25 мың тұрғынға дейін азайтылмақ. Яғни, 20 млн халыққа кемінде 800 мобильдік бригада қажет деген сөз.
— 1 мамырдан бастап емханалардың жанындағы 600 мобильдік бригада жұмысқа кірісуге дайын тұр. Қалған 200 бригада аутсорсинг аясындағы келісімшарт бойынша жұмысқа кіріседі. Олармен тиісті келісімшарттар бекітілген, — деді министр.
Журналист «25 мың тұрғынға бір бригада» халқы сирек қоныстанған аудандарда қалай ұйымдастырылатынын сұрады.
— Мысалы, Шығыс Қазақстанның Катонқарағай ауданында 23 мыңнан асатын тұрғын бар. 27 елді мекенге бір бригада қалай үлгереді – деді БАҚ өкілі.
Ведомство басшысы мұндай аудандардың мәселесін аутсорсинг құралы арқылы шешу көзделіп отырғанын айтты.
— Ауылдық елді мекендерде жедел жәрдем қызметімен бірге аутсорсинг бригадалары бұрынғыдай жұмыс істей береді. Осы жұмыс бір жолға қойылғаннан кейін басқа да қосымша өзгерістерді қарастырамыз, — деді Ақмарал Әлназарова.
Бұған дейін Павлодар ауылдарында қайтарылған активтер есебінен амбулаториялар салынатынын жазған едік.