Тамды – Талас ауданының қойнауында орналасқан, қоңыр тіршілігімен даланы гүлге бөлеп тұрған ауыл. Сол ауылдың түлегі, бүгінде өз ауылының берекесін арттырып отырған, өмірін қарапайым еңбекке арнаған азамат – Орынбасар Ахыбаев.
Орынбасар Қадірбекұлы 1960 жылы Талас ауданы, Тамды ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын совхозда жұмысшы болып бастаған ол кейін есепші (бухгалтер ) қызметін атқарған. Кеңес Одағы тараған соң, өндірістегі қысқартуларға байланысты біраз қиындықтарды басынан өткеріп, жеке кәсіпке бет бұрды. Міне, содан бері ауыл шаруашылығы саласына сіңірген еңбегімен елге үлгі болып келеді.
“Қыдырбек” шаруа қожалығының негізін қалаған Орынбасар аға бүгінде жоңышқа мен жүгері егумен айналысады. Аталған дақылдар сәуір, мамыр айларында егіліп, қыркүйек пен қазан айларында жиналады. Егістік алқабындағы жұмыстар жаңа техникалармен атқарылады – трактормен жыртылып, арық тартылады, суғарылады, әкелінген арнайы техникалармен орып, тайланады.
2020 жылы шаруашылық көлемі 100 гектарға жетіп, ең мол өнім сол жылы жиналды. Қазіргі таңда шаруашылық 160 гектар жерді игеріп отыр, ал алдағы жылға тағы 200 гектар жер алып, оған бидай мен арпа егу шаруа қожалық иесінің жоспарында. Көз сүйсінерлік бір жайт – бұл қыруар шаруаны Орынбасар аға тек ұлы екеуі ғана атқарып отыр. Аз адам – көп іс. Нағыз еңбектің ерен үлгісі осы болса керек.
Қиындық та жоқ емес. Құрғақшылық жылдары өнім көлемі төмендеп, жоңышқа екі-ақ рет орылады. Ал су мол жылдары үш рет өнім алуға болады. Соған қарамастан, шаруашылық тоқтап қалмайды. Керісінше, дамуға ұмтылады.
Орынбасар Қадірбекұлының адал еңбегі мен іскерлігінің дәлелі – алған марапаттары. Ол 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың арнайы марапатын алған. 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Ал, 2025 жылы «Қазақстанның еңбек ардагері» медалі мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы марапатына ие болды.
Орынбасар Қадірбекұлының айтуынша, ауыл шаруашылығы халықтың азығын қамтамасыз ететін маңызды сала. Егер бұл сала дұрыс дамыса, халықтың қарны тоқ, тұрмысы бақуатты болады. Сол себепті, ол өнімдерінің бағасын халықтың жағдайына қарай түсіріп, әлеуметтік жауапкершілікті де қатар алып жүруде.
Жердің жайын жақсы білетін маман ретінде де сауатты қадамдар жасауда. Атап айтар болсақ, шаруа қожалық жерді тыңайту үшін әр бес жыл сайын егін түрін ауыстырып, ротация әдісін қолданады – бір жыл жоңышқа егілсе, келесі жыл жүгері егіледі. Ал тұқымдарды арнайы филиалдардан алады. Бұл – сапалы өнім алудың кепілі.
Бүгінгі таңда Тамды ауылындағы ірі шаруашылық өкілдерінің көшін бастап тұрған Орынбасар аға ел ертеңіне сеніммен қарайтын, шынайы еңбек адамы. Осындай азаматтардың арқасында ауыл тіршілігі алға басуда.