Миллион теңгелік білім: жеке мектеп ата-анаға не ұсынады

0 37

Нарықта саңырауқұлақтай қаптаған жекеменшік мектептер тек тренд емес, білім саласындағы негізгі орталықтың біріне айналып үлгерді. Миллиондап қаржы шығарып, баласын жеке мектепке беретіндер жылдан-жылға көбейіп келеді. Бұл үрдіс білім беру мен тәрбиеге қалай әсер етеді, оқушыларды ересек өмірге бейімдеу қай ортада сәтті жүзеге аспақ? Kazinform тілшісі сауалға жауап іздеді.

Жекеменшік мектепке неге сұраныс жоғары?

Оқу жылы жақын қалды. Биыл да баласын жекеменшік мектептерге беруге дайын ата-ананың қарасы көп. Әрбірі жеке мектеп жағалауының себебін әртүрлі түсіндіреді. Бірі жекеде баланы күні бойы қалдырып, тек кешкі уақытта алып кетуге болатын қолайлы жағдайды алға тартса, екіншісі сыныптағы бала санының аздығын негіз еткен. Арасында ҰБТ-ға дайындық сапасын уәж еткендер кездеседі. Тіпті баланың тұлға ретінде қалыптасуына, заман көшінен қалмай, бәсекеге қабілетін арттыруына жеке мектеп жайлы жағдай жасайды деп санайтындар да жоқ емес.

Алайда бұндай себептерге мамандардың жауабы дайын. Сарапшылардың түсіндіруінше, Қазақстандағы жеке мектептердегі тәрбие мен білім беру тәсілі түбегейлі өзгерген жоқ. Оның үстіне, баланың қоғамға қаншалықты тез бейімделетінін мектеп шешпейді.

Білім беру саласының сарапшысы Өмір Шыныбекұлының айтуынша, жеке мектепті таңдайтын ата-аналардың шешіміне бірнеше фактор әсер етеді. Алғашқысы — сыныптағы бала саны.

– Біріншіден, жеке мектепте бала назардан тыс қалмайды. Ең маңыздысы, сыныптағы оқушы саны аз. Егер сыныпта 12–18 оқушы болса, мұғалім әр баланың оқу қарқынын, қызығушылығын жақсырақ бақылауға мүмкіндік алады. Ал 30–35 оқушысы бар сыныпта мұғалімнің әр балаға жеке уақыт бөлуі әлдеқайда қиын. Сондықтан ата-ана іс жүзінде тек аз бала оқитын сыныпқа емес, баласына бөлінетін уақытқа ақша төлеуге дайын, – деп бағалады спикер.

Расында, Қазақстанда мектеп тапшылығы — өзекті мәселе. Қазір республика көлемінде 8 мыңнан астам мектеп бар, онда 4 миллионға жуық бала тәлім алады. Осы мектептердің басым көпшілігі, яғни 7 мыңнан астамы мемлекеттік сектордың үлесінде болса, 856-сы — жекеменшік білім ошағы. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде тағы 245 мың оқушы орны қажет. Өйткені 3 мыңға жуық мектеп бір ауысымда, 5 мыңға жуық мектеп екі ауысымда жұмыс істейді.

Осы жүктемені азайту үшін Үкімет жеке мектептерге арқа сүйеуге мәжбүр. Оларды қолдау үшін субсидиялау, түрлі жеңілдік қарастырылған. Нәтижесінде кейінгі бес жылдың өзінде жеке мектептердің қатары екі есеге жуық артты. Олардың оннан тоғызы мемлекеттік тапсырыс аясында қаржыландырылады. Осылайша, жекеменшік білім беру секторы үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізіп келеді.

Өмір Шыныбекұлы
Фото: Өмір Шыныбекұлының жеке мұрағатынан

– Мемлекеттік мектептегі бала санының көптігі білім сапасына әсер ететіні шындық, бірақ оны абсолютті заңдылық деп қабылдауға болмайды. Иә, сыныптағы оқушы саны артқан сайын мұғалімнің әр оқушыға жеке көңіл бөлу мүмкіндігі азаяды. Тұйық, ұяң, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кедергі. Бірақ «көп бала – сапасыз білім» деген формула дұрыс емес. Мықты мұғалім мен дұрыс ұйымдастырылған бағдарлама әзірленсе, 30 баладан да жақсы нәтиже шығаруға болады, – деп түсіндірді Өмір Шыныбекұлы.

Жалпы егемендік алған жылдардан бері 3 200 мектеп пайдалануға берілген екен. Қызығы сол, бұл білім ошақтарының үштен бірі, яғни мыңнан астамы соңғы бес жылдықта салынған. Алайда, бой көтерген мектептер саны демографиялық дүмпу мен урбанизация көшін басып оза алмай тұр. Мысалы, биыл 215 мыңнан астам түлек мектеп бітірді, ал қыркүйекте мектеп табалдырыған алғаш аттайтын баланың саны — 380 мың.

Бала болашағына орта әсер ете ме?

Мемлекеттік мектептердегі бала саны білімге әсер еткенімен, орасан нұқсан келтіреді деуге болмас. Бүгінде мемлекеттік мектепті бітірген қаншама түлек шетелдік ЖОО-лар сынақтарын сәтті тапсырып, мемлекеттік білім беру грантын иемденіп отыр.

мектеп
Фото: Kazinform/ ЖИ

Сондықтан ата-ана жеке мектепті таңдағанда балаға жеке назар аударуын ғана қаперге алмайды. Өмір Шыныбекұлы жекеменшік мектептегі қолайлы жағдай мен білім беру ортасы арқылы қызықтырып отыр деген пікірде. Оның сөзінше, жеке мектептерде оқу, тамақтану, спорт, үйірме, тасымал, қауіпсіздік бір жүйеге біріктірілген, яғни кейде ата-ана баласын жеке мектепке беру арқылы уақыты мен қаржысын үнемдейді.

– Жеке мектепке сұраныстың артуына білім беру сапасы да әсер етеді. Кей жеке мектеп халықаралық бағдарламаларға, жобалық оқытуға, шет тілдеріне, STEM, кәсіпкерлікке, сыни ойлауға және soft skills-ке көбірек көңіл бөледі. Дегенмен, қымбат бағдарлама — сапалы білім деген сөз емес. IB, Cambridge немесе басқа халықаралық бағдарлама қолданылуы мүмкін, бірақ оның нәтижесі бәрібір мұғалімнің кәсібилігіне, мектеп басшылығына және оқу мәдениетіне байланысты, – дейді сарапшы.

Ал медиа-сарапшы Ерболат Тұрсынқожа жеке мектептегі әлеуметтік ортаның әсерін талдады. Маманның айтуынша, кей ата-ана баласының ортасы өмір жолында жәрдемдеседі деп санайды. Қалтасы көтерсе, жеке мектепке жүгінуінің сыры да – осында.

– Кей ата-ана баласының кімдермен бірге өсетініне мән береді. Жеке мектепте әлеуметтік-экономикалық жағдайы ұқсас отбасының балалары көп болуы мүмкін. Бұл белгілі бір орта қалыптастырады. Мұндай орта артықшылық бере ме, мәселе осында жатыр. Мұндай орта балаға артықшылықтан гөрі қауіп туғызады. Бала қоғамның басқа әлеуметтік тобымен аз араласуы мүмкін. Өмір — мектептегі қолайлы орта емес, кез келген жағдайға, кез келген ортаға бейімделу қажет. «Қанаттыға қақтырмай» өсірген түлек еркін өмірде көп жерде ұтылады, – дейді маман.

Ерболат Тұрсынқожа
Фото: Ерболат Тұрсынқожаның жеке мұрағатынан

Ерболат Тұрсынқожаның пайымдауынша, осы орайда мемлекеттік мектептің түлектері көш ілгері.

– Мемлекеттік мектептің бір маңызды ерекшелігі бар, ол – әлеуметтік әртүрлілік. Бала әртүрлі мінезді, әртүрлі отбасынан шыққан, әртүрлі көзқарастағы адамдарды көреді, араласады. Бұл – кейінгі өмір үшін өте маңызды дағды, – деп толықтырды сарапшы.

Бизнес пен білім шекарасы

Қазір жеке мектепте бала оқыту арзан емес. Еліміздегі жекеменшік мектептер ұсынатын баға диапазоны әркелкі. Аймақ­тарда айлық оқу құны 50 000 теңгеден басталып, Алматы, Астана мегаполистер­інде 1 миллион теңгеден асып жығыла­ды.

Ашық дереккөздегі мәліметтерге сенсек, 2026-2027 оқу жылында жеке мектептер 1-сыныпқа оқушы қабылдау үшін қыруар қаржы талап етеді. Балаңыз QSI Алматы халықаралық мектебі, Haileybury Almaty, Haileybury Astana, Charterhouse Almaty, Kazakhstan International School (KIS) секілді мектепте оқысын десеңіз, жыл сайын 10-12 млн теңге шығындауға дайын болуыңыз шарт. Елдегі 20-ға жуық мектептің жылдық оқуы ақысын салыстырсақ, ешбірі 3 млн теңгеден кем емес.

білім
Инфографика: Kazinform

Қазір жеке мектептерде 325 мыңнан астам оқушы білім алады. Астаналық ата-ана Бақыт Жұмабекқызы баласын жеке мектепке бергендердің қатарында. Ол ата-ана ретінде таңдауының неліктен жеке мектепке түскенін ашып айтты.

– Менің мектеп жасындағы үш балам бар. Үлкен ұлымның қабілеті жоғары болған соң, тауып-таянып жеке мектепке бердік. Расымен де, ортасы жақсы, тілдерді жақсы меңгеріп жатыр. Бірақ қалған екі баламды жеке мектепке беруді қалтамыз мүлдем көтермейді, олар мемлекеттік мектепте оқиды. Екі мектептің айырмашылығы айтарлықтай көп емес. Тек жеке мектепте үйірме де, спорт секциялары да ішінде. Мектептен кейін баланы қосымша сабақтарға апарудың қажеті жоқ, – дейді Бақыт Жұмабекқызы.

Айта кетерлігі, 2018 жылдан бастап жекеменшік мектептерге орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсы­ры­сын орналастыру мүмкіндігі заңды түрде бекітілді. Осылайша, кейбір ата-ана­ миллиондап ақша төлемей-ақ, жеке­меншік мектептерде баласын тегін оқытып жүр. Ал мемлекет тарапынан балаларды жеке­меншік мектепте оқытуға арнайы субсидия бөлінеді. 2020 жылы 13 миллиард теңге жан басына шаққандағы қаржыландыруға бөлінсе, 2025 жылы 242 миллиард теңгеге жетті. Ал 2028 жылға дейін жекеменшік мектептердегі мемлекеттік білім беру тапсырысына 760 млрд теңге бөлінбек.

https://kaz.inform.kz/news/baga-men-blm-zheke-men-memlekettk-mekteptn-ayirmashiligi-nede-46af461e

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.