Астанадағы «Mega Silk Way» ойын-сауық орталығында басты мақсаты – шетелдегі қандастарымыздың тыныс-тіршілігін көрсету болып табылатын «Қиырдағы қазақтар» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Аталған шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары, БАҚ жетекшілері, ғалымдар мен тарихшылар және журналистер қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«7 ай ішінде 30 мың шақырым жол жүрдік. Қыр астық, тау астық, шаршадық, бірақ рухани азық алдық», — деп фильм түсіру барысында алған əсерін бөлісті National Digital History порталының басшысы Олжас Беркінбаев.
Мемлекет жəне қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдіұлы да аталған фильмді көрмес бұрын ыстық лебізін білдірді.
«Ата-бабамыздың бармаған жері, араласпаған халқы жоқ. Біздің есебімізше іштегі қазақтардан сырттағы қазақтар көп. Қиырдағы қазақтар бұл деректі фильм үшін ризашылығын білдіріп, қуанатын болды. Осы жоба барысында тер төккен жұмыс тобының еңбегіне жеміс тілеймін», — деді ол.
«Олар жұмыр жерден жұмақ іздеп кеткен жоқ, тағдыр тəлкегімен тарыдай шашырап кетті» деген жүректі шымырлататын сөздермен басталған деректі фильм Моңғолияны мекен еткен қандастарымыз жайлы болды. Олардың өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы сыр шертетін деректі фильмде əртүрлі салада еңбек етіп, өмірден өз орнын тапқан кейіпкерлер көрсетілді.
Балабақша қабырғасында:
«Абайдың бір жырын жатқа білмесең,
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!» деп ана тілінде өлең оқып тұрған фильмнің ең кішкентай кейіпкері көрерменнің көзінен жас шығарып, ой салды десек — артық айтқандық емес.
Аталған фильм алдағы уақытта e-history.kz порталында жарияланатын болады.
Дереккөз: Baq.kz