Шымкентте өткен бір жылда 12 адамды пойыз қағып, 10-ы оқиға орнында қаза тапқан. Ал биылғы жыл басынан теміржол көлігі 3 адамды қағып кеткен.
Мәлім етілгендей, мерт болғандар арасында 2 және 4 жасар балалар бар. Осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін бүгін қалалық әкімдік теміржол бойындағы елді мекендер тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, әкімдік қызметкерлері Қызылжар, Игілік, Жаңаталап, Тәуелсіздікке 20 жыл және Көкбұлақ тұрғын алаптарының, Өрнек көшесінің тұрғындарымен кездесті.
Айта кету керек, осы аумақтардағы тұрғындардың негізгі күнкөріс көзі — мал шаруашылығы. Теміржолға жақын жерден мал жиі өтетіндіктен, 2014 жылы үй жануарларының жолға шығып кетуінің алдын алу мақсатында қоршау қойылған. Дегенмен, тұрғындар қоршаудың сымын қиып, малды теміржол бойына жақын жерде жаюды және белгіленбеген жерлерден айдап өтуді азайтар емес.
Бұған қоса, үй жануарларын теміржол бекеті маңында қараусыз қалдырып кету оқиғалары да тыйылмай отыр. Мамандар кездесу барысында теміржол аумағында жүріп-тұрудың қауіпсіздік ережелерімен таныстырды. Сондай-ақ, теміржол маңындағы орман алқаптарында өрт қауіпсіздігі мен тазалықты сақтау қажеттігі де ескертілді.
Дереккөз: inform.kz