2021 жылдан мемлекет баспананы жалдау ақысының 70-80 процентін қандай талаптарға байланысты төлеуі мүмкін екені белгілі болды.
Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында кезекте тұрған қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін жылдам шешу үшін бюджеттен үй құрылысына ғана емес, баспананы жалдау ақысын субсидиялауға да қаражат бөлу керегін айтқан болатын. Жақында осы жобаның басты талаптарына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов тоқталып өтті. Оның айтуынша,
- жалға алынатын үйдің шаршы метрі 40 пен 80-нің аралығында болуы керек;
- отбасының жалпы табысы ондағы әрбір отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан (2020 жылдың сәуірінен 32 668 теңге) артық болмауы тиіс. Мысалы, бес адамнан құралған отбасының табысы 163 340 теңгеден аспауы қажет.
Яғни әкімдіктің баспана кезегінде тұрғандарға осы талаптар бойынша үйді жалға алуға кететін шығын құнының 70-80 процентін мемлекет төлеуі мүмкін. Осылайша, бюджет есебінен халықтың жалға алатын пәтерге төлейтін ақшасын үнемдеу арқылы өз пәтеріне қаражат жинауына жағдай жасалмақ. Бірақ әзірге бұл әлі де талқыланатын жоспар ғана. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан жобаның басқа да талаптары жариялануы мүмкін. Десе де, жоғарыдағы талаптарға сүйеніп, алдын ала топшылау жасауға болады. Ал жылдың соңында аталған жобаға қатысты нақты
шешім шығуы керек.
Жалпы, әкімдіктің баспана кезегінде Қазақстан бойынша әртүрлі санатқа жататын, әкімдіктен баспананың жалға берілуін күтіп жүрген 530 мыңнан аса адам тіркелген. Оның төлемақысы тиімді болғанымен, бүгінде жалға берілген баспана аз. Президент те биылғы Жолдауда жалға берілетін тұрғын үйлер салынып жатқанымен, бюджеттік және сатып алу рәсімдеріне байланысты бұған ұзақ уақыт кететінін айтты. Оған қоса, жалға берілген баспана тұрғындарының айтуынша, әкімдіктен берілген үйлердің сапасы сын көтермейді.
Сол үшін де баспана кезегінде тұрған адамның өзі таңдаған үйді жалға алу құнының 70-80 процентін мемлекет өтеуі өте ыңғайлы. Дегенмен әкімдік кезегіндегілердің барлығы бірдей тұрғындардың үйді жалдауға кететін төлемді субсидиялау талаптарына сай келмейтін сияқты. Сондықтан үй жалдау ақысының бюджет есебінен төлену талаптарына оң өзгерістер енгізілетінінен үміт көп.