Президент өз жолдауында аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек деген болатын. Бүгінде облысымызда кооперативтер қүрылып, ауылшаруашылығы саласында көптеген жаңалықтар орын алуда. Осы бағыттағы жұмыстар Сарысу ауданындағы Үлгілі ауылдар қатарына кіретін Әбілда ауылында біртіндеп қолға алынып келеді, деп жазады “ZhambylNews” AA.
— Бірігіп жұмыс істеу бізге тиімді. Кооперативте 21 мүше бар. 1800-ден аса қой бар. Бірігіп жұмыс істесек, береке де болары анық. Несие алу да оңай. Аталған ұжымда 21 ауыл тұрғынына жұмыс табылды. Олардың бірі мал бағады. Енді бірі малға жем- шөп дайындайды, — дейді «USHARAL Agro-2017» кооперативінің төрағасы Марат Әбілханұлы.
Расында мал өсіру оңай шаруа емес – маңдай терді талап етер адал кәсіп. Ала жаздай жайлаудағы жанталас пен қыста қорадағы қарбалас – қажырлы еңбек. Бірақ, «еңбекпен келген нан тәтті» демей ме?! Жанға ләззат берері де осы дейді шаруалар.
Әр ауылда мыңғыртып мал өсірген шаруа қожалықтарының саны арта түссе, ет және сүт бағытындағы жұмыстар жанданады. Бұл береке, ырызықтың бастауы болмақ.