Лестердегі Ұлттық денсаулық сақтау емханасы университетінің британдық ғалымдары адамдардың түшкіруді тоқтатқысы келетін әдеті не үшін денсаулыққа зиян екенін түсіндірді.
Түшкіруді ауыз бен мұрынды жабу арқылы тоқтату — қауіпті. Ол түрлі зақымдарға әкелуі мүмкін. Мысалы: өкпе арасындағы көкірек қуысында ауаның болуы, құлақ жарғағының перфорациясы, тіпті, ми аневризмасының жарылуы.
Бұл әдеттің қаупіне мысал ретінде сарапшылар 34 жастағы британдықтың басынан өткен жайтты айтады. Ол түшкіруін тоқтату кезінде тамағының артқы қабырғасын жыртып алған. Оның айтуынша, ол сол кезде мойын тұсынан тарс еткен дыбыс естіген. Зерттеушілердің айтуынша, ол әрең сөйлеп, әрең жұтына алған.
Мұрынның қызметі — өкпеге түсетін ауаны ластық пен бактериядан тазарту. Ластық пен бактерия мұрын қуысына түскенде олар мұрынның шырышты қабығын тітіркендіреді. Содан соң олар мұрын қуысындағы жүйке ұштарына ықпал етіп, түшкіру процесі болады. Түшкіру кезінде төменгі тыныс алу жолдарында жоғары қысым пайда болады: ол мықты ауа ағынының мұрын қуысынан барлық тітіркендіргіштерді алып шығуына көмектеседі.
Ал егер түшкіруді тоқтатса, барлық ластық пен бактерия мұрында қалып, тыныс алу жүйесіне түседі.
«Көбіне адамдар вирустық немесе бактериялық инфекциялар кесірінен түшкіреді. Егер сіз түшкірмей қойсаңыз, шырыш жинала береді де, қайтадан евстахий түтігіне түседі, — деп түсіндіреді иммунолог және аллерголог Девон Престон. — Ал инфекцияланған шырыштың кейін қарай евстахий түтігіне түсуі ортаңғы құлақ жұқпасын шақыруы мүмкін».
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz