Қазіргі кезде көп отбасында қаржылық жағдайға байланысты мәселе туындап жатады. Жұбайлар тек ақша жетіспеушілігі не оның орынсыз жұмсалуына қатысты ғана емес, отбасылық бюджетті толтыруға кім қаншалықты ат салысатынына да байланысты кикілжің туады.
Адамдар ежелден қалыптасып қалған қағидаға үйренген: ер азамат түзде жүріп ақша табады, әйел адам үйде отырып үй тірлігімен айналысып, балаларды тәрбиелейді. Бұл сонау әйелдерді төменгі тап өкілі санайтын заманнан қалған түсінік. Ол кезде әйел затының қоғамда орны жоқ, ешқандай шешім шығаруға қатыспайды, тіпті құқығы да аяққа тапталып жататын. Алайда мұндай қатігез өмірдің дәурені өтті. Бүгінде нәзік жандылар да ер азаматтармен тең құқылы. Отыратын креслолары да кіші емес, табатын табыстары да аз емес. Бұл Батыс елдерінде қалыпты жағдай саналғанымен, біздің менталитет әлі де қабылдай алмай келеді. Тіпті әйелі өзінен көп тапса, құқығы тапталған деп есептелетін ер адамдар да жетерлік.
Еркектер не істеуі керек?
Мұндай жағдайда ер адам қандай әрекет көрсетуі керек? Егер ер адамның табысы (әйелінен аз болса да) киім, тамақ, коммуналдық қызмет, несие және басқа да қажеттіліктерді өтеуге жеткілікті болса, онда жай ғана әйелімнен көп табайын деп өзінің сүйікті жұмысынан бас тартудың не қажеті бар? Оның орнына қосымша басқа жұмыстар іздеуге болады немесе үйдегі жөндеу жұмыстарын, көлік жөндеу деген секілді машықтарды өзіңіз игеріп, осылай отбасы бюджетін үнемдеуге болады.
Әйелдер не істеуі керек?
Дана келіншек мұндайда бақытын баянды етіп сақтап қалуы үшін, осындай орынсыз олқылытардан некесі бұзылмауы үшін өзі алатын жалақыны назардан тыс қалдырып отыруы тиіс. Ер азаматына да аз ақша табатынын ешқашан бетіне басып айтпауы керек. Тағы бір жолы – түсетін табысты қосып, жұбайымен бірге отырып, барлығын ақылдасып жұмсауды жоспарлау.
Бастысы аз болса да, көп болса да берекесімен бергені.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz