Неліктен түнге қарай тамақ жегіміз келеді?

0 378

Адамдар түрлі себептермен түнде тамақ жейді. Біреулер жұмыстан кеш келіп, осы уақытта ғана тамақтанып үлгерсе, басқалары үшін бұл орнықты әдетке айналған немесе өнімді күн үшін өзін осылай еркелетеді. Сондай-ақ адам күннің соңында шаршағандығын басу үшін түнде тамақ ішеді немесе шаршағандықтан ұйқысы келгенін қарны ашқанмен шатастырады. Бұлай түнде тамақ жеу әдеті ағзаға зиян болуы мүмкін. Біріншіден, ол ас қорытуға ауыртпалық түсіреді, ал екіншіден, бұл әдет түнгі артық тамақтану синдромына айналуы мүмкін.

Түнгі артық тамақтану синдромы деген не?

Кешке тәбеттің жоғалып, дәл ұйықтар алдында немесе түнде оянғанда тамақ жегісі келетін тамақтану тәртібінің бұзылуын түнгі артық тамақтану синдромы деп атайды. Түнде тамақ жеу әдетін түнгі артық тамақтану синдромынан айыру үшін төмендегі факттерге мән беріңіз. Түнгі артық тамақтану синдромы кезінде олардың аз дегенде үшеуі білінеді және ол үш айдан аса уақытқа созылады:

— таңертең таңғы ас ішкіңіз келмейді;
— кешкі астан бастап ұйықтағанға дейін күндізгі калория нормасының 25%-дан көбін тіскебасарлар ретінде жейсіз;
— ұйқысыздық;
— түнге жақын көңіл күйдің нашарлауы, мазасыздану немесе уайымдау;
— ұйықтау үшін бірдеңе жеу керек деген сенім.

Түнгі артық тамақтану синдромының себептері

Адам түрлі себептермен түнгі артық тамақтану синдромына шалдығады. Мысалы: ағзаның ішкі «биологиялық сағаттарының» бұзылуы. Оларды циркадты ырғақтар деп те атайды. Олар дұрыс жұмыс істемесе, ағза түнді күндіз деп «ойлайды». Сәйкесінше, аштық сезімі уақытында пайда болмайды, сондай-ақ ұйқы уақыты да өзгереді.

Мазасыздық пен депрессия кезінде адамдарға босаңсу қиын. Оның үстіне негатив ойлар мен эмоциялар көбіне түнге жақын күшейеді. Оларды басу үшін және өздерін қолдау үшін адамдар тамаққа күйзелісті түсіретін әдіс ретінде қарауға бейім келеді. Осыдан түнгі артық тамақтану синдромы пайда болады.

Сонымен қатар, күннің басында тамақ жемесе, кешке қарай аштық сезімі күшейеді. Сол үшін таңғы асты ішпеу әдеті түнгі артық тамақтану синдромының себебіне айналуы мүмкін.

Түнгі артық тамақтану синдромы несімен қауіпті?

Көпшілік адам өздерінің түнге қарай тамақ жегенді жақсы көру әдеті тамақтану тәртібінің бұзылуы екенін білмейді. Түнгі артық тамақтану синдромы бар психологиялық проблеманы ушықтырып жібереді. Мысалы, жалпы мазасыздықта тағы бір «пункт» қосылады.

Кей жағдайда түнгі артық тамақтану синдромы түрлі ас қорыту бұзылуларына түрленеді. Сондай-ақ түнге қарай көп тамақ жеу ұйқысыздық шақырады және артық салмаққа әкеледі.

Түнгі артық тамақтану синдромынан арылу жолдары

Тамақ ішу кестесін жасап, соны қатаң сақтаңыз. Негізінде, түнгі тамақтану проблемасы адам оянған бойда басталады. Дұрыс тамақ ішу кестесін құру үшін таңғы асқа аса мән беру маңызды. Күнде таңғы және түскі асты қалдырмай ішсеңіз, дене берілген ырғаққа үйреніп кетеді де, түнге қарай көп тамақ жегіңіз келмейтін болады. Мүмкіндік болса, диетолог маманының көмегіне жүгінген жөн: ол ағзаңызға күні бойына қанша тамақ керегін есептеп бере алады.

Ұйқы гигиенасына мән беріңіз. Жақсы ұйықтап кетуге, ұйықтауға және оянуға бағытталған әрекетті ұйқы гигиенасы деп атайды. Оны сақтамасаңыз, ұйқыңыз мазасыз өтеді, ал таңертең өзіңізді демалған секілді сезінбейсіз. Ол сондай-ақ түнгі артық тамақтану синдромымен күресу үшін де маңызды:

— Күнде таңертең, тіпті, демалыс күндері де бір уақытта ояныңыз. Оянғаннан кейін 10 минут ішінде төсектен тұрып, миға тұру керегі жайлы белгі беретін төсек жинау, жоспар жазу немесе таңғы ас ішу секілді таңғы рәсімдерге кірісіп кеткен дұрыс.
— Кофе немесе басқа да сергітетін сусындардан бас тартыңыз. Оның орнына ең болмағанда 15-20 минут физикалық белсенділікке уақыт бөліңіз.
— Егер шамамен жарты сағат уақыт ішінде ұйықтап кете алмасаңыз, тыныштандыратын бірдеңемен айналысыңыз. Мысалы: кітап оқу немесе күнделік жазу. Ұйықтауға 2 сағат қалғаннан бастап гаджеттер қолданбаңыз.

Ақпарат дереккөзі:  massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.