Тамаққа тұзды көп қолданатыныңызды көрсететін 9 белгі

0 30

Тұз — маңызды аспаздық құрауыш. Бірақ оны көп жеу және одан мүлдем бас тарту ағзада түрлі проблемалардың дамуына әкелуі мүмкін. Тұзды көп жейтініңізді зертханалық анализдер нәтижесінен ғана емес, ағзадағы белгілерден де анықтауға болады.

Ісіну
Тұзды көп жеу тіндерде сұйықтықтың тұрып қалуына әкеледі, ал ол ісіну түрінде пайда болады. Жиі тобық, саусақтар, бет және көздің асты іседі. Алайда ісіну тұзды артық жеудің белгісі ғана емес. Ағзаға ақуыз жетіспесе немесе адам спортпен қарқынды шұғылданса, ісіну пайда болуы мүмкін.

Бүйректердің ауыруы
Тұзды тағамды көп жеу несеп-тас ауруының және басқа да бүйрек ауруларының дамуына әкелуі мүмкін. Егер рационыңызда тұзды, қақталған және маринадталған тағамдар көп болса, тамақтануыңызға түзетулер енгізген жөн. Әйтпесе, зәрде тұзды кристалдар пайда болуы, зат алмасу жүйесі жұмысы нашарлауы және қышқылды-сілтілік тепе-теңдіктің бұзылуы мүмкін.

Жоғары қан қысымы
Тұзды артық тұтыну артериялық қысымның бірден артуына ықпал етеді. Себебі тұздың құрамында көп мөлшерде болатын натрий ағзада артық суды ұстап тұрады. Ол өз кезегінде жүрекке түсетін күшті арттырады. Бұл жағдайда проблеманы барынша тез байқап, тұздың тәуліктік нормасын азайту керек. Әйтпесе, жоғары артериялық қысым созылмалы түрге айналып кетеді.

Ауыздың құрғауы және шөлдеу
Бұл белгілер де тұзды көп жейтініңізді білдіруі мүмкін. Қандағы натрийдің жоғары деңгейін теңелту үшін дене суды жасушалардан сорып алады. Нәтижесінде, шөлдей бересіз және аузыңыз құрғай бастайды. Егер бір стақан су ішсеңіз де, аузыңыздың құрғауы кетпесе, су-тұзды тепе-теңдіктің бұзылуымен байланысты проблема болуы мүмкін. Үнемі шөлдей беру сондай-ақ қант диабеті, анемия, Кушинг синдромы секілді аурулардың да белгісі бола алады.

Дәретханаға жиі бару
Шөлдей бергесін суды көп ішесіз. Сәйкесінше, несеп шығу жиілігі артады. Тіндерде көп натрий жиналып қалған кезде бүйректер ағзадағы химиялық элементтің қалдықтарын барынша жылдам шығаруға тырысады. Бүйректерге артық күш түсу денсаулыққа зиянын тигізеді.

Іштің кебуі
Тұз ішектерде қайта өңделмеген тамақ бөліктерінің жиналуына ықпал етеді. Оны артық жеу іш кебуіне және асқазан-ішек жолдары жұмысының проблемасына әкелуі мүмкін. Жиналып қалған тамақ бөліктері уақыт өте шіріп, газ көпіршіктерін түзеді. Бұл проблеманы жеңу үшін тұз мөлшерін азайтып, аз-аздан, бірақ жиі тамақтану керек.

Көкірек қуысының ауыруы
Әлсін-әлсін кеуде тұсының ауыруы тұзды азайту керегін білдіруі мүмкін. Себебі көп мөлшердегі натрий қан тамырларды бұзады. Артериялардағы бұзылулар гипертония мен инсульттің пайда болуына ықпал етуі мүмкін және жүрек-қан тамырлар ауруларының даму қаупін арттырады.

Зейін қоюдың нашарлауы
Зейін қоюдың және есте сақтаудың нашарлауы, ашуланшақтық, күндізгі ұйқышылдық — бұл жағымсыз өзгерістер тұзды көп жеудің себебінен пайда болуы мүмкін. Егер соңғы кездері заттарыңызды жоғалтып, ұсақ-түйектің бәріне ашулана берсеңіз, рационыңызды реттеп, өмір сүру салтыңызды түзетіп көріңіз. Фастфуд пен тұзды тағамды азайтып, жиі серуендеуді және спортпен айналысуды қолға алыңыз.

Тамақтың тұзсыз көрінуі
Тамақтың дәмін көрмей жатып, тұз салғыңыз келіп тұрса немесе тұзды бірдеңе қосып жегіңіз келе берсе, өзіңізді тұзға үйретіп алғаныңызды көрсетеді. Мұндай тәуелділікпен күресу бастапқыда қиын болады. Зияны аз дәмдеуіштерді қолданып, тұзды барынша азайтуға тырысыңыз. Уақыт өте көкөністер мен басқа өнімдердің негізгі дәмін сезуге тұз кедергі келтіргенін түсінесіз.

Ақпарат дереккөзі:  massaget.kz 

Leave A Reply

Your email address will not be published.