Күйеуіңізге айтуға болмайтын 5 сөз
Бұлай айта көрмеңіз… Жолдасыңыз сізге бұдан соң мүлдем немесе ұзақ уақыт бойы гүл сыйлағанын қаламасаңыз, айта беріңіз, әрине… Кейде бір ауыз сөздің екі адамның арасындағы қарым-қатынасты нығайтып немесе керісінше, алауыздықты тудырып, қарым-қатынасты мүлдем үзуге алып келуі мүмкін… Бұл әсіресе, ерлі-зайыптылардың арасында абай болуға тиісті жағдай. Әр сөзіңізді айтпас бұрын, оны саралап, ойланып алғаныңыз артықтық етпейді. Егер сізді қуантуға асығып, гүл сыйлаған күйеуіңізге:
1. Сыйлығың үшін рахмет! Бірақ, маған сары түсті гүлдер ұнамайды… Бұлай айта көрмеңіз. Жолдасыңыз сізге бұдан соң мүлдем немесе ұзақ уақыт бойы гүл сыйлағанын қаламасаңыз, айта беріңіз, әрине… Сыйлыққа таңдау жасаудан «жаңылысқандығы» жөнінде айта беруден гөрі, оған гүлдер үшін алғысыңызды білдіріп, орайы туған мезетте сізге қандай гүлдің ұнайтындығын есіне салып қойсаңыз болғаны. Мәселен, гүл сататын дүкеннің жанынан өтіп бара жатқаныңызда «Мынаған қарашы, қып-қызыл раушан гүлдері көзді қуантады, иә?» десеңіз, ол сізге қып-қызыл раушан гүлдерінің ұнайтынын білетін болады.
2. Маған уәде берген едің ғой… Жұмысынан қайтар кезде үйдегі теледидардың пультіне батарейка сатып алуы қажет болатын. Немесе аптаның соңғы күні, демалыс уақытында асханадағы жөнделуі тиіс құрылғыны түзетуі керек еді. Бірақ, жолдасыңыз теледидардан жаңалықтар немесе сүйікті футболының уақытын өткізіп алмау үшін тырп етпей жатып алды. Уәдешіл күйеуіңізді орындамаған уәдесі үшін, оны күтіп тұрған «жұмыстар» үшін айыптап, ашуыңызды төгуге асықпаңыз. Барлық «кінәні» өз мойныңызға алып, «саған айтамын деп ұмытып кетіппін. Асханадағы су құбырынан су тамшылап тұрған еді, енді тіптен үдеп барады. Енді не істейміз? Құбыр істен шықса, аққан суды тоқтата алмай қалмаймыз ба?» дегеніңіз бұйрық емес, өтініш болып естіледі.
3. Өткен өміріңіздегі «ғашық болғандар»… Әдетте әйелдер ер адамдарға қарағанда өмірлік серігінің барлық «құпиясын» білуге ұмтылады. Яғни, «оның өткен өмірінде не болды?», «қандай қыздармен қарым-қатынасы болған?», «немен айналысты, болашақта немен айналысқысы келеді?»… жалғасып кете береді. Әйелдер күйеуі туралы барлығын білуге әуес. Олар күйеуінің жұмбақ жан болғанын қаламайды. Неге екендігі белгісіз, бұл әйелдердің күйеуінен «жоғары» болу үшін түрткі дейді мамандар. Ал, ер адамдарда барлығы керісінше. Олар әйелдерінің өткен өміріндегі «ізінен қалмай жүрген жігіттер» туралы естігісі келмейді. Сондықтан, жолдасыңызға бұрынғы таныстарыңызды (ер адам) көргеніңізді жіпке тізгендей айта бермеңіз. Ештеңе болмағанымен, сізге артық сөз айтпағанымен, оның қызғанышын оятасыз. Ештеңе демеуі мүмкін, бірақ, күйеуіңіздің көңілінде бәрібір күдік қалдырасыз. Бұл сізге керек пе?..
4. Не істеу керектігі жөнінде НҰСҚАУ бермеңіз Әрине, жолдасыңызбен ақылдасыңыз, кеңесіңіз, бірақ, бұйырудан аулақ болыңыз. Ер адам шамданып қалудан бұрын, күйеуіңізге нәзік, мейірбан әйелдің орнына «қатал ана» кейпіне енесіз. Ер адам өзін ЖАУЫНГЕР санайды. Сондықтан, күйеуіңіздің көмегінсіз «ештеңе тындыра алмайтын әйел» болғаныңыз дұрысырақ.
5. Менің орнымда басқа әйел болғанда шыдай алмас еді… Біз әдетте, осы сөзімізден соң күйеуіміздің «жолым болған екен, сабырлы, төзімді, баға жетпес әйелім бар!» деп ойлағанын қалаймыз. Өкінішке орай, бұлай ойлау қате. Керісінше, жолдасыңыз «мен не істесем де шыдай береді. Демек, қалағанымды істеуге мүмкіндігім бар» деп ойлайды. Әрине, ер адамның бұл ойы сізге тек қана зардабын тигізеді. Егер отбасыңызда көңіліңіз толмайтын, сіздің тағатыңызды тауысып, ашуыңызды келтіретін жағдай туындай қалса, бұл жөнінде жасырып қалуға болмайды. Күйеуіңізбен ашық сөйлескеніңіз дұрыс.
Өйткені, сабырлы әйел барлық еркекке ұнайды, бірақ, онымен бірге өмір сүру «қызықсыз». Өзін құрметтейтін, бағалайтын әйел өз кезегінде жұбының да құрметі мен ілтипатына бөленеді. Сүйікті жары атанады.