Нағашы жұрт бесік әкелгені дұрыс емес

0 2 621

Халқымыздың тұрмысынан ажырамаған қанша салт-дәстүрі бүгінде ұмытылып кетті. Ал ұмыт қалмай, бүгінге дейін жеткені біраз өзгеріске ұшырады. Соның бірі — бесік әкелу, бесікке салу. Бүгінде басқа әулетке ұзатылған қызы босанғаннан кейін, сәбидің бесігін қыз жақ, яғни нағашы жұрты дайындап, әкеліп жүр. Тек бесік емес, сәбидің төрт мезгіл киімі мен түрлі ойыншығы, басқа да қажет заттарымен қоса әкеледі. Бүл дұрыс емес дейді көпбалалы ана, қазір немере-шөбере мен шөпшек сүйіп отырған Фатима әже. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын мейлінше қаз-қалпында орындауға тырысып жүрген Фатима әже бала туғанда нағашы жұртының жаңа бесік алып баруы дұрыс емес дейді. «Қазақта «шыққан қыз шиден тысқары» деген сөз бар. Ол «бір әулеттің түтінін түтетіп, отын өшірмей, сол әулетті бақытты етемін» деп барады. Қыз – өзі келін болып түскен әулеттің ұрпағын жалғастырушы. Демек баласы да сол әулеттің, сол жұрттың үлкендері жатқан бесікте жатып өсуі керек. Қазақта қызының артынан бесік әкелмеген. Бұл дәстүрдің қайдан шыққанын білмеймін. Бала деген өзінің әкесі немесе ағалары жатқан бесікте жатуы керек. Бұның да астарында үлкен мән жатыр. Осыны адамдар түсінбейді» дейді Фатима әже. Көпті көрген Фатима әжені қазіргі бесікке салу тойының түрлі тойханаларда немесе кафе-мейрамханаларда өтуі алаңдатады. Бұл үрдістің де дұрыс емес екенін айтқан ол: «Бала өз шаңырағында бесікке салынуы керек»,-дейді.

«Қазір адамдар арасында бақталастық басым. Бірінен-бірі асып түсуді ғана ойлайды. Сөйтеді де енді ғана туған кішкентай сәбиді қырқынан шықпай жатып тойханалардың төрінде бесікке салады. Адам ығы-жығы. Келім-кетіп көп. Ол жердің қандай жер екенімен шаруасы жоқ. Баланы қырық күн толмайынша үйден шығармау керек. Қазақ халқы «сәбиді тіл-көзден сақтасын» деп ешкімге көрсетпеген. «Шаңырағының шаттығы болсын» деп баланы өз шаңырағында бесікке салу керек. Ал қазір қалай? Бәрі басқаша. Еркегі де шалы да, бәрі жүреді тойханада. Осылайша киелі бесікті неше түрлі жиын өткен тойхананың төріне апарып қойып, нәрестені қаншама көздің алдында бесікке салады. Бұл – өте қате іс. Мүлдем дұрыс емес. Ал дәулеті асып-тасып бара жатса, үйінде-ақ үлкен шай берсін. Негізі бесікке салуға сол әулеттің ақ самайлы әжелері мен әйелдері қатысады. Тіпті ақшасы тасып, қалтасына сыймай бара жатса, жетім-жесірге көмектессін. Сол сауап. Басқа тойларды тойханада өткізуден жарысса да осы бесікке салу деген киелі дәстүрді солай даурықтырмай-ақ қойса болар еді» дейді ол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.