«Баланың кіндігін турап, қуырылған етке араластырып жегізген». Қазақ салтындағы адамшошырлық дәстүрдің сыры неде?

0 40

Қазақ халқы қашан да артына ұрпақ қалдыруды, сол ұрпағын ақылды, иманды, тәрбиелі етіп өсіруді мақсат тұтқан. Сондықтан бала дүниеге келген соң әр салтқа, оның астарына мән берген. Тіпті әйелді босандырып жатқанда, оның жанына жиналатын адамдарға дейін таңдаған. Massaget.kz тілшісі ғалым, этнограф Халел Арғынбаевтың деректеріне сүйеніп, қазақ салтында бала дүниеге келген соң қандай қызық жоралғылар жасалғанына шолу жасады.

«Жерден кім көтерсе, соған ұқсайды»

Ертеде әйел босанған кезде оның айналасына жақын-жуығы жиналған. Бір қызығы, қазақ салтында әйел толғатып жатқан кезде оның жанына бедеу әйел жіберілмеген. Ал бала дүниеге келгенде оны көтеріп алу үшін жасы егде тартқан, өмірге бірнеше бала әкелген әйел барған. Осылайша, «баланы кім көтеріп алса, мінезі сол адамға ұқсайды» деген сенім қалыптасқан. Сондықтан бұл іс кім көрінгенге тапсырылмаған. Ағайын-туысқа жаққан, сыйлы, мінезі жұмсақ әйелге жүктелген. Ал ол өз кезегінде дүниеге кесте тігер келді ме, әлде атқа мінер келді ме, соны айтып, бәрінен сүйінші сұраған.

«Кіндікті балтамен кестірген»

Қазақ салтында бала дүниеге келген соң оның кіндігін кесу де арнайы рәсім іспетті болған. Ғалым Халел Арғынбаев деректерінде кіндік кесетін адамды баланың анасы не әкесі, әжесі таңдағаны келтіріледі. Ал кейбір жерлерде арнайы кіндік кесетін әйелдер де болған. Олар тері, көн, былғары секілді материалдардан жасалған бұйымдарды тігетін, малдың сіңірінен алынған берік жіп — тарамыс пен мықты кездігін сайлап тұрған. Ал баласы шетінеп кете берген әйелдер сәбиінің кіндігін ер адамға балтамен кестірген.

Баланың кіндігін кім кессе, сол адам «кіндік шеше» деп аталған. Қазақ салтында кіндік шеше тек баланың кіндігін кеспеген. Ол босанған әйелдің тіршілікке араласуына, оның үй тұрмысына, балаға көмектесіп, жанында болған. Халық түсінігінде баланың түрлі қылықтары мен мінез-құлқын кіндік шешесіне де ұқсатып жатады.

«Бала шетіней берсе, өсіп-өнген адамның киімінен иткөйлек тіккен»

Қазақ бала дүниеге келген соң әр бөлікке ерекше назар аударған. Мәселен, сәби қырқынан шыққанша, арнайы иткөйлек кигізген. Иткөйлек, сиса, бәтес, шыт, бөз секілді маталардан тігілген. Оның жұмсақ болуы, сәбидің денесіне батпауы маңызды саналған. Сондай-ақ, иткөйлекті матадан тұтас ойып алатын болған, ал шеттерін бүкпеген.

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты еңбекте, иткөйлектің кең болуы баланың «жасы ұзақ, ғұмырлы болсын» деген тілектен туғаны айтылады. Ал бала тұрмай, шетіней берсе, жаңа туған балаға өсіп-өнген, ұзақ жасаған адамның киімінен иткөйлек тіккен екен. Осы арқылы баласының да ұзақ жасауын тілеген.

«Баланың жолдасын ешкімге көрсетпей көмген». Сыры неде?

Халел Арғынбаевтың еңбектерінде бала дүниеге келгенде, бірге түсетін баланың жолдасына қазақ ерекше қарағаны айтылады. Ертеде оны тазалап, ешкімге көрсетпей, адам аяғы баспайтын жерге көмген. Шамамен бір метрдей шұңқыр қазғызып, ол шұңқырға баланың жолдасы жуылған қанды суды да бірге құйған екен. Сондай-ақ, оны ит ашып алып жемеуі мұқият қадағаланған. Ғалым келтірген деректерде баладан кесілген кіндіктің жартысы баланың жолдасында кететіні, бедеу әйел осы кіндікті басса, әйел енді бала көтермейтіні туралы сөз болады.

Сүндет тойға жиналған әйелдер. Қазақстан, Павлодар облысы, ХХ ғасырдың бірінші жартысы

«Бала кіндігін турап, қуырылған етке араластырып жегізген»

Сәбидің кіндігі кесілген соң оны жөргекке орап, жылы ұстаған. Баланың кіндігі өздігінен түскенше, шомылдырмаған. Ал кіндік өзі үзіліп түскен кезде орап, биік жерде ұзақ уақыт сақтаған. Өйткені баланың анасының денсаулығына зиян келмесін деген сенім болған.

Халел Арғынбаевтың дерегі бойынша, ертеде ырымшыл кемпірлер арасында бала кіндігін турап-турап қуырылған етке араластырып, бедеу әйелдерге білдірмей жегізіп жіберу дәстүрі болғаны айтылады. Бұл діни сенімге байланысты қалыптасқан екен.

Айта кетейік, материалда Халел Арғынбаевтың 2005 жылы жарық көрген «Қазақтың отбасылық дәстүрлері» атты еңбегі пайдаланылған.

Еске салайық, бұған дейін ертеде әйелді босандыруға қатысты жасалған рәсімдер туралы материал жарияланған болатын.

Ақпарат дереккөзі: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.