Жолжелкен  – жараға ем

0 56

Ел ішінде ерте замандарда қолданылған халықтық тәсілдерді әлі де пайдаға асырып жүргендер бар. Бір қызығы, олар шын мәнінде пайдалы. Кейбірінің тиімділігін бүгінде ғалымдар да мойындап отыр. Солардың бірқатары туралы айтайық.

Жолжелкен  – жараға ем. Кәдімгі жолжелкен (подорожник) залалсыздандыратын қасиетке ие. Сондықтан оның жапырағын түрлі жарақаттарды емдеуге қолданады.

Ресей ғалымдары қоянға тәжірибе жасап көріпті. Оның жарақатына жолжелкен жапырағын таңғанда ол көп ұзамай айығып кеткен. Жолжелкен құрамындағы полисахаридтер, ферменттер, витаминдер жарақаттың жазылуын тездетеді, дубильді заттардың, бензой, салицилин қышқылдарының қабынуға қарсы әсері бар.

Сондай-ақ мексикалық ғалымдар да жолжелкен жапырағы микробтар мен саңыруқұлақтарға қарсы ем болатынын анықтапты. Ол сальмонеллалардың көбеюін тежейді, стафилакокқа әсері мықты екен.

Қосмекендіні қолданады. Орыстарда ежелгі заманда сүтті ашып кетуден сақтауда қолданылатын бір тәсіл бар: ыдысының ішіне көлбақа салады екен.

Ресей, Финляндия және Шве­ция ғалымдары мұның құпиясын зерттеп көріпті. Сонда қосмекендінің терісінде бактерияға қарсы әсері күшті пептидтер бары анықтал­ған. Шөл көлбақасынан мұндай пептидтердің 76-сы табылған. Солардың бірқатарын қауіпті стафилококк, сальмонелла бактерияларына қолданып көргенде жоғары нәтиже беріпті. Олар бұл пептидтердің бактерияларға ғана емес, олардың өзгерген түрлеріне де мықты тойтарыс бере алатынына сенімді.

Тауық сорпасы – шипалы

Адам суықтап ауырғанда оған жеңіл сорпа жасап беретіні белгілі. Ол тыныс жолы ауруларының уытын же­ңілдетеді. АҚШ ғалымдары зерт­теп көргенде науқас адам тауық сорпасын ішкенде оның ағзасындағы ақ қан түйірлерінің (нейтрофилдер) қозғалысы баяулайтынына көз жеткізген. (Олардың белсенділігі ағзаның қорғаныс күштері ауруға қарсы әрекетке кіріскенде байқалады. Бұл кезде кілегей қабаттар қызарып, ашиды). Тауық сорпасында бұдан басқа қақырықты сұйылтып, жөтелді жеңіл­дететін цистеин (амин қышқылы) мен иммундық жүйеге көмекші карнозин дипситиді болатыны анықталған.

…Қысқасы, кейбір халық емі тәсілдерінің расында да шипалы екенін ғалымдар дәлелдеп отыр. Негізінен олардың ғасырлар бойғы зерттеп-саралап, қолданыстан өткендігіне сөз жоқ қой.

Дереккөз: zamana.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.