Асүйдегі күйе көбелек – ұшып жүрген ұсақ көбелек қана емес, сонымен қатар олардың дернәсілі мен жұмыртқалары. Сондықтан олардан толықтай құтылу үшін кешенді түрде күресу керек. Тағамдық күйенің түрлері көп. Қалалық үйлердің асүйінде жиі кездесетіндерге ұн қоңызы, какао қоңызы және оңтүстік қамба қанкөбелегін жатқызуға болады.
Өте кішкентай, көзге онша көрінбейтін жұмыртқалар асүйге жарма, астық тұқымдастар, кепкен жемістер, ұн, дәмдеуіштер және басқа да бакалеялар арқылы келеді. Содан соң олардан бір апта ішінде күйе көбелектің дернәсілдері пайда болып, олар көбелекке айналады. Асүйдегі күйе көбелектен құтылудың және олардың қайтадан келмеуінің жолдарын анықтайық.
1-қадам. Ошақ пен бұзылған азық-түліктерді іздейміз Күйенің жұмыртқалары ұнтақ жармаға ұқсайтын ақ түсті ұсақ жабысып қалған түйіршік секілді болады. Бұзылған азық-түліктің тағы бір белгісі – өрмек жіптің пайда болуы. Күйе көбелектен құтылу үшін алдымен асүйдегі шкафтарды және азық-түліктерді тексеру керек. Аузы ашылмаған бакалеяларды да тексеруді ұмытпаңыз. Себебі күйе картон, жұқалтыр және полиэтиленді оңай жеп қояды. Құты қақпағының шеттеріне аса мән беріп қараңыз. Күйенің өрмегі сол жерлерден көп кездеседі. Күйе қараңғы бұрыштарды жақсы көреді. Сондықтан төбені, еденкемерді, түсқағаз шеттерін және люстраны тексеру қажет. Шкафтардың үстін де қарау керек.
2-қадам. Жаппай тазалық жүргізу Жұққан азық-түліктерді алып тастаңыз. Жәндіктердің таралуына себепші болған азық-түлікті анықтаған соң, оны пакетке орап, бірден лақтырып тастаңыз. Содан соң жаппай тазалық жүргізіңіз. Асүйдегі шкафтарды толықтай босатып, сөрелерді бері алып шығыңыз. Шкафтың бұрыштарын шаңсорғышпен сорып алсаңыз, күйенің жұмыртқалары қалмайды. Бұл процедурадан соң шаңсорғыш қабын лақтырып тастау керек немесе оны мұздатқышқа 3-4 күнге салып қойыңыз.
Содан соң шкафты сірке суы ерітіндісімен, кір сабынмен немесе арнайы күйеден тазартатын құралмен сүртіп алыңыз. Барлық контейнерлер мен құтыларды жуып шығыңыз. Күйемен зақымдалған азық-түлік салынған ыдысты жуып, одан соң мұздатқышқа 3-4 күнге қойыңыз немесе микротолқынды пеште 5 минут қыздырыңыз. Төбені де шаңсорғышпен сорыңыз. Егер төбеден күйе көбелектің орналасқанын тапсаңыз, шкаф төбесін, еденкемерді, люстраны және түсқағаз шеттерін сүртіп шығыңыз.
3-қадам. Үлкен күйе көбелектерді өлтіріп, қақпан құрыңыз. Оларды жабысқақ қақпан арқылы ұстауға болады. Сонымен қатар оларды шыбын өлтіргішпен ұрып, құтылуға болады.
4-қадам. Жұққан азық-түліктерді өңдеу Күйенің пайда болған көзінен және анық бұзылған азықтан құтылған соң, қалған сырты таза көрінген тағамдарды не істейміз? Оларды келесі екі әдіспен құтқаруға болады. Електен өткізілген ұнды және сұрыпталған жарманы тоңазытқышта 3-4 күн ұстаңыз. Өнімді противеньге сеуіп, 60 градуста қыздырылған пеште 40 минут ұстауға болады.
5-қадам. Азық-түліктерді қорғау және алдын алу. Жаңа және суықпен (жылумен) өңделген азық-түліктерді қақпағы тығыз жабылатын әйнек, қалың пластикалық немесе металл контейнерге (құты) салыңыз. Мұндай ыдыстар күйенің кіруінен қорғайды. Азық-түліктерді халықтық әдістер арқылы қорғауға болады. Лавр жапырағы күйеден ұнды қорғайды.
Сонымен қатар, сөреге самырсын майына батырылған мақта қоюға болады. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен азық-түліктерді сақтамаңыз. Құрғақ өнімдерді көп мөлшерде сатып алмауға тырысыңыз. Сенімді болу үшін жаңа сатып алып келген дәнді дақылдарды, жармаларды, ұнды, жаңғақтарды және кепкен жемістерді мұздатқышта 3-4 күн ұстаңыз.
Дереккөз: massaget.kz