Индонезия елі астанасын ауыстырмақ

0 6

Индонезия президенті Йоко Видодо ел астанасын Джакартадан өзге қалаға ауыстыру туралы жоспарын айтты. Бұл туралы мемлекет басшысы үкімет отырысы кезінде хабарлаған.

— Джакарта бір мезетте екі бірдей маңызды істің (қаржы және саясат) орталығы бола алмайды, — деген президент.

Сондай-ақ Йоко Видодо ел астанасын ауыстырған үш елді мысалға келтіре кеткен. Оның бірі — Қазақстан.

— Біз де осылай жасай аламыз. Ол үшін тыңғылықты дайындалуымыз керек, — деген елдің басшысы.

Жаңа астана болатын аймақты барлық фактор тұрғысынан дұрыс таңдау туралы бұйрық берген. Қазіргі таңда ел билігі таңдауы үш аймаққа түсуде. Олар — Паланкарая қаласы (Орталық Калимантан), Танах Бумбу округы (Оңтүстік Калимантан) және Пенаджам провинциясы (Шығыс Калимантан).

Елдегі ұлттық даму министрі Бамбанг Броджонегоро хабарлағандай, астананы ауыстыру уақыты 10 жылға созылуы мүмкін. Ал ауыстырудың бір себебі — Джакарта қаласы орналасқан Ява аралында халықтың саны тым артып кеткен.

Джакарта қаласының қазіргі инфрақұрылымында да қиындықтар көп. Uber компаниясы статистикасы бойынша, автомобиль жүргізушілері бір жылда 22 күнін кептелісте өткізеді екен.

Айта кетейік, Индонезияда 17 сәуір күні президент сайлауы өткен болатын. Қазіргі таңда дауыстардың 50 %-ы саналған. Қазіргі мемлекет басшысы басты қарсыласынан айқын алда келеді. Сарапшылар пікірі бойынша астананы ауыстыру туралы шешім Йоко Видодо ресми түрде екінші рет сайланғаннан кейін қабылданатын көрінеді.

Дереккөз: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.