Сыйлық таңдау ешқашан оңай шаруа болған емес. Жаныңызға жақын адамға тосын сый жасап, қуантқыңыз-ақ келеді. Алайда, ұната ма, ұнатпай ма? Мұндай сыйлық беру жақсы ырым ба? Дәстүр не дейді? Осы сынды жан-жақтан анталаған сұрақтар көңіл-күйіңізді су сепкендей басып тастайды.
Осындай дау-дамайлы сыйлықтардың бірі – сағат. Былай қарағанда, сағаттан асқан керемет сыйлық жоқ сияқты. Бірақ, үлкендер немесе құрбы-құрдастарыңыз «жоқ, сағат сыйлауға болмайды, бұл жаман ырым» дегенді көп айтып жатады. Мұның сыры неде екенін білгіңіз келе ме? Бізбен бірге болыңыз!
Біздің қазекең сағатты айырылысудың нышаны, сағат тоқтағанда, сендердің де қарым-қатынастарың тоқтап қалады деп ырымдайды. Үлкендер жастарға жақын адамдарыңа сағат сыйламағаның жөн деген кеңестер беріп те жатады. Тіпті, ел аузында үйлену тойына тарту етілген сағат жас жұбайлар некесінің тез бұзылуына алып келеді, бақытты адамдар сағат тақпайды деген сөздер де аз айтылмайды.
Сағат сыйлауға болмайды деген наным-сенім біздерге Қытайдан келген. Осы елдің тұрғындары сыйға алынған сағат – жерлеу рәсіміне шақыру деп түсінеді екен (кімнің екені белгісіз). Ырым біртүрлі естілгенімен, көп халық бұған шүбәсіз сенеді.
Ырымның екінші бір себебі ежелден бері сыйлыққа өткір зат беруге болмайды деген тыйымда жатыр. Пышаққа қатысты мұндай тыйымдардан өзіңіз де хабардар боларсыз. Өткір тілді сағаттар дәл осы тыйым салынған заттардың қатарына жатады. Жорамалға келісер болсақ, өткір заттарды сыйлау арқылы сол адаммен қарым-қатынасыңызды өз қолыңызбен қырыққан боласыз.
Әрине, мұның бәрін де ырымшыл адамдарға арналған мәліметтер деп қабылдаған дұрыс. Сондай-ақ мұндай нанымдардан хабары бар танысыңызға сағат сыйлар болсаңыз, ренжітіп алуыңыз әбден мүмкін. Енді бір жағынан, бәрі де шын көңілмен берілгенін есіңізден шығармағаныңыз жөн. Сондықтан, жоғарыдағы ырым-тыйымдарға сену де, сенбеу де өз құзырыңызда!
Дереккөз: massaget.kz