Үй ішіндегі заттардың ретсіздігі – ойыңыздың, арман-мақсаттарыңыздың шашыраңқылығын көрсететін айна. Егер өміріңіздің арнасын жақсы жаққа бұрғыңыз келсе, үйді толықтай тазалап, миды да бір жаңартып алған абзал.
Үй – жанға жайлылық сыйлайтын жер ғана, тұратын жеріңіз шашылып жатқанымен, жетістік жолында алаңдайтын ештеңе жоқ деп ойлауыңыз мүмкін. Ойланып көріңізші, мүмкін, қызметте бір орында тоқтап қалған шығарсыз әлде ақшаңыз үнемі жетпей жүре ме, бәлкім өзіңізге ұнамайтын адамдармен амалсыз араласып жүрген боларсыз? Мұның барлығы сол үйіңіздің шашылып жатуынан бастау алады. Үйдегі ретсіздіктің де өзіндік себептері табылады.
Өзгерістен қорқу Клиникалық, психиатриялық ауытқуларды айтпағанда, мұндай өмір адамның жаңалыққа жаны қас болуынан хабар береді. Мұны уақытты тоқтатып қойып, қауіпсіздік иллюзиясын құрғысы келеді деп те түсінуге болады. Ескі-құсқылар шашылып жатқан жерде жаңа нәрсеге орын жоқ. Бір өзгеріс енуін қаласаңыз, ескілікпен қоштасып, жаңашылдыққа жол ашу керек.
Қазіргі кезде атағы айға жетіп жатқан Кон Маридің «Магиялық тазалау» кітабында да «жаңа бұйым келуі үшін ескі нәрсенің барлығын қоқысқа тастауға» кеңес береді. Ал бұл жапондарға тән болғанымен, әсіресе көп балалы қазақ аналарына жарамайтын ақыл. Себебі бірінің кигенін бірі киіп өсетін заман өтіп кеткенімен, ескі бұйымнан жаңа нәрсе жасап шығаруға да болатыны есте ұстаңыз. Мұның бізге лайық шешімі ескіге өң беріп, барлығын ретімен жинап қою.
«Өз әлемім» Шашылып жатқан заттардың тағы бір себебі – «өзім білемге» салыну. Жеке кеңістігіне ешкімнің бас сұқпағанын қалайтындар да өз әлемімде не істесем де өзім білемін деген түсінікпен жүреді. Сонымен қатар ата-анасы не жолдасы қойған қатаң талапқа қарсы шығу да осы әрекетке жеткізеді. Кезінде ата-анасы баладан «тықырлаған тазалықты» талап етіп, үй шаруасымен айналысуына күштеп мәжбүрлесе, енді өз еркі өзіне тигеннен кейін бостандықты асыра сілтеп пайдалануы осылай көрініс табады.
Қандай себебі болса да, шашылып жатқан жердің ортасында жайбарақат өмір сүру қиын. Бауыржан Момышұлы секілді «Мой беспорядок – это есть высший порядок» (Зейнеп апамызға орысша айтқанымды орысша, қазақша айтқанымды қазақша жазып ал, аударам деп тыраштанба деген екен, осылай бере берейік) деу үшін сол кісі секілді ұлылыққа жетіп алу керек. Ал оған дейін ойыңыз, жаныңыз таза болсын десеңіз, тазалықты айналаңыздан бастаңыз.
Дереккөз: massaget.kz