Мұхамеджан Тазабеков: Онда тұрған не бар?

0 22

Күні кеше, Мұхамеджан Тазабековтың “Тәлім трендті” ұлттық арнаның назарына түсіп, өз жобасын бастаған еді. Осыған орай қалың көпшіліктің пікірі екіге бөлінді. Бірі #Тазабековұлттықарнаданкетсін десе, енді бірі #Тазабековұлттықарнағакерек деп қолдау білдірді.

Бұл пікірлерге жауап ретінде Тазабеков өз парақшасында:

Құрметті оқырмандар!

Сіздер қалай ойлайсыздар? Менің осы жүргізіп отырған парақшамнан, айтып жүрген “ТӘЛІМ ТРЕНДТЕН” кімге не зиян бар?

Кейбір қаракөздеріміз дабыл қағып, “Мұхамеджан сөйлемесін, ТӘЛІМ ТРЕНД тоқтатылсын” деп даурығатындай кім не бүлдірді?

“Жақсыда жаттық жоқ, жақсы сөз жан семіртеді, сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел” деп, ізгілікті қалаған ірілердің ұрпағы емес пе едік?!

Айналамыздан ақсақал таппай, қарттардың ішінен қария шықпай қапа боп жүрген заманда, “ТӘЛІМ ТРЕНДТІҢ” алдын тосып, жолын кесетіндей ҚАЗАҚТЫҢ көңілі неден тарылды?

Отбасыңмен отырып кино көре алмай, ұл-қызыңа ойлағаныңды бере алмай, инстаграмнан ютубқа, ютубтан тик-токқа түскен заманда, тағылым іздеген қазақтың “ТӘЛІМ ТРЕНД” тыңдағанынан қандай қасірет көріп тұрмыз?!

Ақ ниетімді алдарыңызға ақтарып салып, уайымыңыз болса жеңілдетуге, қуанышыңыз болса көбейтуге үлес қоссам деп талпындым.
Қамыққан қарындастың, көңілсіз келіннің, жабыққан жеңгейдің жанына жылу сыйласам деп желіге жүгіндім…

Мен тәжірибеммен бөлісіп, тәлімімді айттым, сіздер жүрек жібітіп, жақындарыңызға жібердіңіздер…

Сіздер ақ тілек айтып, жігер бердіңіздер, мен риза болғаннан қанаттанып, қал-қадірімше қызмет етуге қуат жұмсадым…

Елдің тілегі есіктегіні төрге, ылдидағыны өрге шығарады. Сіздердің баталарыңызды алып, ризашылықтарыңызға бөленген “ТӘЛІМ ТРЕНД” жобамыз Ұлттық арнаның назарына түсіп, жаңа деңгейде, байтақ жұртқа ұсынылмақ екен

Онда тұрған не бар?
Діни уағыз, шариғи насихат айтқалы жатқанымыз жоқ.

Зайырлы қоғамға, дәстүрлі құндылықтарды паш етсек, әлемге кеңінен танымал консерваторлық көзқарас пен либералдық ұстанымдардың ықпалын талқылап, қызық деректерді келтірсек, кімге не зиян?!
Ұлтқа керекті, ұрпаққа пайдалы, қоғамға маңызды мәселелерді көтерсек, тәлімді тұсын тарқатып, пайдалы жағын пайымдасақ одан кім ұтылмақ? — деп бөлісті. 

Leave A Reply

Your email address will not be published.