Қазақстан — жемқорлықсыз жүйе құру жолында

0 14

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен күрестің бүгінгі таңда жүйелі сипат алғандығы айтылған. Қазіргі таңда жемқорлықтың пайда болу себептеріне баса назар аударылып, ел тұрғындарының парақорлыққа «мүлдем төзбеушілік» қасиеттерін қалыптастыру үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс атқара бастады.

Елімізде, «қоғамның жегі құртын» айналған «жемқорлық» дертімен күрес мәселесі соңғы жылдары жүйелі жүргізіліп, алғашқы нәтижелерін көрсете бастады деуге негіз бар.

2008 жылы «Transparency Іnternatіonal» халықаралық ұйымының жүргізген зерттеуінің нәтижесінде Қазақстан жемқорлық деңгейі бойынша 145-ші орында болатын. Ал 2016 жылы 123-ші орыннан көрінген еліміз, 2019 жылы 180 мемлекеттің ішінен 113-ші орынға жайғасты. Бұл-пара бермейтін, пара алмайтын 100 елдің қатарына кірмесек те, алға ілгерілеушіліктің бар екендігінің бір дәлелі.

Қазақстанда сыбайластықтың алдын алып, жемқорлыққа төзбейтін жүйе қалыптастыру үшін қазір жүйелі жұмыс атқарылуда. Еліміздің болашағы саналатын жастардың бойына қоғамның дамуын тежейтін «парақорлық» дертінен аулақ болу үшін «иммунитет» қалыптастыру, яғни құқықтық тәрбие, мәдениет, сауаттылық мәселесіне мән беріле бастады. Балалардың бойына Отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңіріп, адалдық пен парасаттылық пайымын қалыптастыруға көңіл бөлінуде.

Аталған жұмыстар Жамбыл облысында да ауқымды атқарылуда. Қоғамдық ортада жемқорлыққа деген төзбеушілікті қалыптасыру үшін арнайы сенім телефондары орнатылып, түрлі көпшілік шаралар өткізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірлесе отырып, насихат жұмыстарының күшейтілгенін байқауға болады. Халықтың мемлекетке деген сенімін арттырып, сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету бағытында қолға алынған «Адалдық алаңы» жобасы сәтті бастамалардың біріне айналды. Жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін ұйымдастырылып жатқан «Парасатты отбасы» байқауы талай отбасылардағы парасатты, ізденімпаз, ой -өрісі кең оқушылардың танылуына, үлгі болуына ықпал етуде. Отбасы құндылықтарын дәріптеп, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасының берік болуына септігін тигізетіні сөзсіз.

«Тәрбие басы-тал бесік» десек, бұл бағытта «Адал ұрпақ» еріктілер клубы, «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселері өз жұмыстарын бастады. Алдағы уақытта құқықтық сауаттылықты арттыру, аталған клубтар мен кеңселердің жасап жатқан жұмыстарын халыққа кеңінен жеткізу үшін арнайы жобалар әзірлеу артықтық етпес еді.

Жемқорлық-індет, күресу-міндет! Болашағы жарқын, даму жолы даңғыл Қазақ елінде жемқорлықсыз жүйе құру- сіз бен біздің қолымызда!

 Мақала авторы: Гүлбаршын Құланбаева 

«ZhambylNews» ақпарат агенттігінің бас редакторы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.