Биыл алғаш рет Ұстаздар күні 5 қазанда аталып өтеді. ҚР Үкіметі тиісті қаулыны қабылдаған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл күн Дүниежүзілік мұғалімдер күнімен сәйкестендірілген. Мереке ең асыл, жауапты әрі маңызды мамандық өкілдерін біріктіреді.
Бұл күні елордада Педагогтердің республикалық съезі өтеді. Оған еліміздің барлық аймақтарынан 700-ге жуық ұстаз қатысады.
Кездесу алаңында педагогтер ең озық және халықаралық тәжірибесін бөлісе алады.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанның білім беру саласында 500 мыңға жуық мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру педагогі жұмыс істейді.
Мемлекет басшысының қолдауымен 2019 жылы маңызды мәселенің бірі – педагог мамандығына ерекше мәртебе беру жөнінде шешім қабылданды.
Төрт жыл ішінде педагогтердің жалақысы екі есе өсті.
220 мыңға жуық мұғалімге тағайындалған санатына қарай 50 пайызға дейін үстемеақы төленіп отыр.
Өндірістен қабылданған техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері жалақысына 35 пайызға дейін қосымша ақы алады.
Осы жылдың қыркүйек айынан бастап 97 мың мұғалімнің жалақысы тағы 30 пайызға өсті.