Бала.. Ата-ана.. Мұғалім.. Қоғам..

0 36

Қайырлы күн халқым!

Бүгін терең тұңғиықта жатқан жан айқайымды жеткізгім келіп отыр.  Біз, осы қазір тек кінә іздейтін заманда өсіп-өніп отырмыз ба?.

Өмір, ол –қымбат, қысқа ғана мезет. Сол өмірді Алла деп, ата-ана деп, бала деп денсаулықтың арқасында өмір сүреміз. Өткізіп жатқан уақытымызды, дұрыс пайдалана аламыз ба?

Мен Алланың ір пендесімін, ата-анамның перзентімін, перзентімнің анасымын, қоғамда- қоғам болашағын тәрбиелеп, білім беріп отырған педагог маманымын! Бүгін қоғамның бір азаматы ретінде,  ойымды жеткізгім келіп отыр..  Біз, осы отбасы ішінде дұрыс тәрбие, дұрыс бағыт-бағдар беріп отырмыз ба? Шаңырақ ішінде ата-бабадан қалған ұлттық салт-дәстүр қағидаларын айтып отырамыз ба? Ата-бабадан қалған аманатқа қиянат жасап жүрген жоқпыз ба?

Әлем жаңалықтарын көріп отырсақ, бүкіл әлем күйзеліс күйін кешіп отырған сыңайлы..  Мен сіздерге бір дүние айтайын..

Мен, еліміз Тәуелсіздігін алғанда, бар болғаны 10 жаста едім, бірақ кішкентай болсам да, сол Тәуелсіздікті сезініп, қуанып, мақтан еттім. Отбасыда әкеміз дастархан басына отырмай, тамақ ішілмейтін, анамыз, әрдайым, ата-бабамыз бен ата-әжемізден қалған өсиеттерін дастархан басында айтып отыратын. Тамақ ішілген соң, отбасы қонақ бөлмесіне жиналып, ата-анамыз : «оқу үлгерімін қандай болып жатыр?»- деп сұрап, сонда ғана мектептегі күнімізді баяндап беруші едік. Бір мұғалімнен ұрыс естідік десек, «дұрыс, мұғалім бекерден-бекер ұрыспайды, өзің кінәлісің»-деп, өзімізге ұрсып беретін еді. Сонда әкемнің : «түздегі әңгімені үйге, үйдегі әңгімені түзде айтушы болма» дегені бар еді. Үй тапсырмаларын оқы деп қойса, отыра қалып оқитынбыз. Әр мейрамда отбасымызбен ән айтып, билеп, көршілермен араласушы едік. Салт-дәстүр бойынша өмір сүруші едік.. Салт-дәстүрді ғұрыптайтын қаншама жарыстар болып, отбасымызбен дайындалушы едік.  Қызық дәурен еді…

Ал, қазіргі кейбір отбасылар көңілді қынжылтады. Қит етсе, заманды кінәлап шығады. Кешіріп қойыңыздар, заман өз орнында, біз өмір сүрген заманда да осы қиындықтар болды. Айлық бермей, нанды талонмен алып, дүкендерді аралау кез-келген адамның жағдайы жете бермейтін.. Интернеті жоқ, үй телефоны жүз адамның бесеуінде ғана бар заман еді. Біздер газет-журнал оқитын кез еді. Қазіргі отбасылар, кінәмшіл сияқты..  Кінә тағуға құмар сияқтымыз..

Жақын маңда, бір құрбымның үйіңе бардым, баласы мектептен келгенде : «балам, қалай болды сабағың, кеше сабақты жақсы оқып ең, бағаң не болды? Мұғалім дұрыс бағалай алды ма? Артық сөйлеген жоқ па? Анау балаға қанша қойды? » — деген сұрақтардың астына алды. Мен, аң-таң болдым, сонда біз баланы өзіміз жаман көңіл-күйге апарып тұрған жоқпыз ба?- деп…

Біз, мына заманда бағаға жұмыс жасап, бағаға оқып жүрміз бе? Әжем айтушы еді : «адамның санасына берсін» деп, бастысы – жақсы, мейірімді, иманды, болашаққа нық сеніммен қараған баланы тәрбиелеуіміз керек шығар..  Мынадай жақсы ұғым бар : «балаңды аясаң, аяма» деген, біз де оңай емес заман кезінде өмір сүрдік, соған қарамастан, сабақты да оқыдық, жарыстар ұйымдастырылып, оған қатысып, отбасымызбен мерекелерге барып, өмірдің сондай керемет екенін сезініп келеміз..

Ал, қазір, біз осы ата-ана ретінде бас сұқпайтын жерге бас сұғып, кінә жоқ жерге кінә тағып, «құқық» деген ұғымды дұрыс пайдаланып жүрміз бе? Шаш аламыз деп бас алдырып жатқан жоқпыз ба?!

Мектептегі үрдістерді кінә тағып азайттық… Менде сұрақ: неге? Неге баланың шығармашылық әлемін тартып алдық? Ата-ананың, яғни, біздердің кінәмшілдігіміздің арқасында мектептегі шығармашылық күрт азайды… Бала, ол-бала, бала, ол-еркелік, бала, ол-бақыт, бала біз үшін – мереке. Ата-анасы бар бала, біз барда еркелей алады. Балаларымызға ұлттық нақышты дәріптейтін, табиғатпен тілдестіре алатын, қоғаммен бірге, бірлікте өмір сүру-ол, бақыт екенін сезіндіре алатын мерекелерді өткізу, шығармашылығын айқындайтын, тілін байыта алатын, ел алдында сөйлей алатындай ұрпақ, салиқалы болашақты бірігіп отырып, тәрбие берейік..

Мектептерге : «Алтын күз», «Күз жәрмеңкесі», «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны», «КТК» (КВН), ұлттық мерекелер мен ұлттық ойындардың оралуын сұраймын.. Баланың балалық шағын тартып алмай, оны интернетке бағынышты етпей, өмірдегі қызықтар көп екенін көрсете білейкші…

Бұл менің жан-айқайым,  мені қолдайтындар бар, қолдамайтындар бар, білемін..  Балаларымызды үлкен өмірге апарып, тез есейтеміз деп жүріп, санасын улап жатқан жоқпыз ба?

Өз балалық шағында, өзінің жасыңа лайықты деңгейде балалығын көрсін, ерте есейтеміз деп балаларды тұңғиыққа батырып алған жоқпыз ба?!

Ойланайық, жарқын болашақ – тек бақытты балалық шақты көрген балалардан  келеді!

Бала-деген, бойындағы тынысың

Соғып тұрған  кеудендегі жүрегің.

Оған берген жылуың мен сезімің

Болашақта көретін ол өмірің…

 

Балалықтың бар тәттісін сыйлайық

Еркелетіп, мерекені жасайық.

Депозитке ақша құйып жинағандай

Сол баланың жүрегін бақытпен толтырайық.

 

Сонда ғана, ол — бала бақытты сезіп біледі

Айналаны бақыт мекен етеді.

Ұядан көрген еркелік пен бақытты

Болашақты, сол ұрпақ,  жарқын етіп меңзейді!

 

Тараз қаласы

№47 орта мектеп КММ

Педагог : Қарлығаш Орынбайқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.