Білім басқармасы кәсіпкерлерді 90 млн теңге шығынға ұшыратты

0 7

Павлодар облысының білім беру басқармасы бюджеттік өтінімдері құру барысында мектептегі тамақтану құнының есебіне қосымша құн салығы ставкасын (12%) енгізбеген. Салдарынан кәсіпкерлерге әр оқушы үшін 450 теңгенің орнына 402 теңгеден төленіп келген, деп хабарлайды Kazinform.

Өңірлік прокуратура жақында жергілікті мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру жөніндегі шарттардың орындалуына талдау жүргізе келіп, кәсіпкерлерді шығынға ұшыратқан жағдайды тіркеді. Білім беру басқармасы бюджеттік өтінімдерді ұсыну кезінде қосымша құн салығын назарға алмаған. Сөйтіп тамақтану сомаларын есептеу кезінде Кәсіпкерлік кодексінің, тамақтануды ұйымдастыру ережелерінің, салық және бюджет заңнамасының талаптарын өрескел бұзған.

«Білім беру басқармасы тамақтануды ұйымдастырғаны үшін төлемді салықты шегере отырып жүргізген, яғни, бір оқушыға 450 теңгенің орнына 402 теңге төлеген. Аталған мән-жайлар қоғамдық тамақтандыру саласындағы қызметті жүзеге асыратын 33 шаруашылық субъектінің құқықтарының бұзылуына әкеп соқтырды», — деп хабарланды облыстық прокуратурадан.

Прокурорлардың пәрменімен қадағалау актісі бойынша бюджеттік өтінімдерді қалыптастыру практикасы қайта қаралып, жалпы сомасы 90 млн теңге көлемінде негізсіз ұсталған қосымша құн салығы кәсіпкерлерге қайтарып берілді.

Жіберілген кемшіліктер үшін облыстың білім беру басқармасы басшысының орынбасары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.