Қазақстанда жоғары білімді халық саны өсіп келеді

0 34

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы шығарған білім беру туралы тақырыптық жинақтан мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform.

Жинақтағы деректерге қарағанда, еліміздің әрбір тқртінші тұрғынының жоғары білімі бар. 2021 жылғы санақ кезінде 3,7 млн адамның жоғары білімі, 4,1 млн адамның арнайы орта білімі, 4,9 млн адамның орта білімі болған. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда жоғары білімі бар халықтың үлесі 19,8%-дан 2021 жылы 27,6%-ға дейін өскен.

Өңірлердің ішінде жоғары білімі бар халықтың ең көп саны Алматы облысына тиесілі – 404,8 мың адам. Әрбір өңірдегі жоғары білімі бар халықтың үлесі бойынша Астана қаласы көш бастап тұр – елорда халқының 25,5% ЖОО бітірген.

Жоғары білімі бар ерлер мен әйелдердің үлесі бірдей. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда дипломы бар ерлердің үлесі 17,8%-дан 27,9%-ға дейін, әйелдердікі 21,6%-дан 27,3%-ға дейін өскен.

Жалпы 1000 адамға шаққанда университет дипломы бар 276 адамнан келеді, 2009 жылы бұл көрсеткіш 198 адам деңгейінде болды.

Сондай-ақ жинақтағы мәліметтерге қарағанда, 4,1 млн қазақстандықтың арнайы орта білімі бар. 2021 жылғы санақ кезінде 4 167 мың қазақстандықтың арнайы орта білімі болған. 2009 жылғы санақпен салыстырғанда олардың халық арасындағы үлесі 27,6%-дан 30,8%-ға дейін өсті.

Түркістан облысы техникалық және кәсіптік білімі бар халық саны бойынша да, өңірдегі арнайы орта білімі бар халық үлесі бойынша да көш бастаған – 8,9%.

Сонымен қатар Қазақстанда 120 мыңнан астам адамның ғылыми дәрежесі бар. 2021 жылғы санақ кезінде 120,8 мың қазақстандықтың жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болған. Олардың басым бөлігі (17,8%) 30-34 жас аралығындағылар. Ғалымдардың жалпы санының 78% – магистр (96,9 мың адам), 3,6% – философия докторы (PhD), (4,5 мың адам), 13,5% – ғылым кандидаты (16,8 мың адам), 4% ғылым докторы (4,9 мың адам) дәрежесіне ие.

Leave A Reply

Your email address will not be published.