Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы-еліміздің Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес Жамбыл облысында жедел-тактикалық оқу-жаттығулары өткен болатын. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен өңірлік жедел штаб отырысында аталған шаралардың қорытындылары сараланды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқу-жаттығулар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы шекарада және Халық Қаһарманы Ғазиз Байтасов атындағы полигонда ұйымдастырылды.
— Екі оқу-жаттығу барысында төтенше жағдайлар туындаған кезде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау дағдылары пысықталды. Олардың қорытындысымен бірыңғай іс-қимыл алгоритмі қабылданды, — деді аймақ басшысы.
Кеңеске қатысушылар шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды талқылады. Құқық қорғау органдарының өкілдері баяндама жасады.
— Аудандық әкімдіктер өңірлік жедел штабпен өзара тығыз байланыста әрекет етуі тиіс. Біз барлық ықтимал нұсқаларды қарастырып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету үшін әзірлікті күшейтуге тиіспіз, — деп түйіндеді облыс әкімі.
Басқосу қорытындысы бойынша төтенше жағдайларды жою жөніндегі бірлескен жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы шешім қабылданды.