Жыл соңына дейін Мойынқұмда 18 көше жөнделеді

0 0

Екі жыл бұрын Меркі-Шу-Бурылбайтал және Нұр-Сұлтан-Алматы автожолының құрылыс жұмыстары басталған болатын. Аталған нысандардың Мойынқұм ауданы аумағындағы бөлігінің алғашқысы келесі жылы, екіншісі 2023 жылы аяқталады екен. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде аудан әкімі Әлихан Балқыбеков мәлімдеді , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Оның айтуынша, биыл автомобиль жолдары саласына 407,8 млн теңге қаржы бөлінген. Бұған 18 көше орташа жөндеуден өтеді екен.

«Бүгінде Бірлік ауылының 10 көшесі мен Биназар ауылының 3 көшесі толық аяқталып, пайдалануға берілді. Мыңарал, Қылышбай ауылдарының көшелері қараша айының ортасында беріледі. Ал ауданда 17 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Ақсүйек ауылына су тарату 1,4 млрд теңге қаралып, бюджеттік өтінім жолданды. Қазір «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Қарабөгет-Сарыөзек ауылдары сумен жабдықталуда. Оған 743 млн теңге бөлінді», — деді спикер.

Ақбақай, Көкжелек, Хантау ауылдарына су құбырын тарту жобасының жыл соңында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынады. Сол сияқты, Бірлік ауылына тазарту қондырғысын салу жобасы сараптамадан өтуде. Қылышбай ауылына 2019-2020 жылдары су қабылдау имараттарының 2 кезеңінің құрылысы жүргізілген. Енді суды тұщытатын мембранды қондырғы орнатылып жатыр. Мойынқұм ауылындағы 11 көшенің ауыз су құбырлары ағымдағы жөндеуден өтуде, қаралған қаражат – 100 млн теңге. Айдарлы ауылындағы ауыз су құбыры желісін ағымдағы жөндеуден өткізуге 53 млн теңге жұмсалған.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.