«TarazPlastic» ЖШС зауытынан шыққан жіп – шөпті тайлауға, баулауға, ағаш бұталарын буға, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да мақсаттарында пайдаланылуда , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Тараз қаласындағы «TarazPlastic» ЖШС ауыл шаруашылығы саласында жоғары сұранысқа ие жіптің бірнеше түрін шығаруды қолға алды. Серіктестік директоры Бибігүл Омарованың айтуынша, агроқұрылымдардың сұранысына қарай кәсіпорында арқандар мен жіптер дайындалады. Зауыттан шыққан жіп – шөпті тайлауға, баулауға, ағаш бұталарын буға, сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешеннің басқа да мақсаттарында пайдалануға болады.
— Қандай да бір өнімді шығармас бұрын, біз алдымен оған деген сұраныстың бар-жоғын зерделеп алып, жоспарлаймыз. Негізінен мал шаруашылығына арқан, егін шаруашылығына жіп өндірісін жолға қою идеясы құрылтайшыларымыздан басталды. Олар облысымыз бен басқа өңірлердегі қожалықтардың сұранысын зерделей келе осы қадамға барды. Сөйтіп 2019 жылы кәсіпорын жанынан арқан, жіп цехтары ашылды. Бізде жіптің ондаған түрі өндіріледі. Шикізат қорын да жасап алдық. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамып келеді. Оны біздің кәсіпорында шығарылатын өнімге деген сұраныстың артуынан да байқауға болады, — дейді Бибігүл Мырзағалиқызы.
Кәсіпорын бірнеше ондаған адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Серіктестік құрылтайшылары бұл жобаны жүзеге асыру үшін «Даму» қорына қайырылған. «Зауытқа қажетті құрал-жабдықтарды шет мемлекеттерден сұрастырып, оны Үндістаннан таптық. Ол құрал-жабдықтарды әкеліп орналастыру үшін 150 миллион теңге қаржы қажет болды. Бұл істе бізге «Даму» қорының көп көмегі тиді», — дейді серіктестік директоры.
Серіктестік аталған қордың көмегімен бұл қаржыны «БанкЦентрКредит» АҚ-нан алған. Жылдық үстемесі 15 пайыздық несиенің 9 пайызы қор тарапынан «Қарапайым заттар экономикасы» басым жобаларды несиелендіру механизмі бағдарламасы аясында субсидияланған. Ал компания үшін соңғы сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6 пайызды құраған. Бұл қаржыны алып, серіктестіктің жұмысын жолға қоюы үшін «Даму» қоры 48,7 миллион теңгенің кепілдігін берген.
— Жоспарлы жұмысымыз өз нәтижесін беруде. Өндіріс қуаты артып, сұраныс пен тапсырысқа қарай өнім өндірілуде. Негізінен тапсырыс көктем, жаз айларында артатындықтан цех екі-үш ауысымда жұмыс істейді. Жалпы сұраныс болмаған күннің өзінде цех жұмысы тоқтаған емес, — дейді серіктестік директоры Б.Омарова.
Мекеме басшысы алға қойып отырған жоспарларымен де бөлісіп, өнім көлемін екі-үш есеге арттыруды жоспарлап отырғанын жеткізді.