Оқу жылының үшінші тоқсанында Жамбыл облысындағы аудан және қала орталығында орналасқан, меншік нысанына қарамастан білім алушылар саны 600-ден асатын барлық жалпы білім беру ұйымдары қашықтан оқыту форматына ауысты. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде аймақтағы білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозов баяндады , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Ал оқушылар санына қарамастан барлық ауылдық мектептер, сондай-ақ білім алушылар саны 600 оқушыға дейінгі қалалық мектептер штаттық форматта жұмысын жалғастыруда. Оқытуды штаттық форматта ұйымдастыру кезінде «бір кабинет – бір сынып» қағидаты және санитариялық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталуда.
«Қашықтан оқыту форматына көшірілген барлық білім алушылар компьютерлік техникамен қамтылды. Жалпы өңірдегі 478 білім беру ұйымында 245 623 оқушы бар. 478 мектептің 330-ында 600-ге дейін, 148-інде 600-ден аса оқушы бар. Қазіргі таңда аудан орталықтары мен қалада орналасқан 93 мектеп қашықтан оқытуға жіберілді. Олардағы 1-2 сыныптар штаттық режимде оқиды. Яғни, 93 мектепте 122 905 оқушы болса, соның 84 252-сі қашықтан, 38 653-і штаттық білім алып жатыр», — деді Бейқұт Тлебалдыұлы.
Спикердің мәліметінше, 600 оқушыға дейінгі оқушылары бар қалған 385 мектеп штаттық форматта, санитарлық талаптарды сақтап жұмысын жалғастыра береді.