Кешеден бері эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Жамбыл облысы «қызыл» аймаққа ауысты. Пандемия басталғалы аймақта коронавирустық инфекцияның 22 526 жағдайы тіркелген. Биылдыққа КВИ-мен 1 082 азамат ауырды. Өткен тәуліктің өзінде 257 дерек анықталды. Өткен аймен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 7 есеге өсіп отыр. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында аймақтағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шиналиев айтты , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.
Ол өңірде 18 жастан асқан 633 372 адам екпенің бірінші компонентімен, 567 070 адам екінші компонентімен вакцинацияланғанын жеткізді. Бұдан басқа, 29 119 жасөспірім, 1 942 жүкті және 3 283 бала емізетін әйел екпе алған, 57 540 адам қайта вакцинацияланды.
«Қазіргі уақытта «Дельта» штаммынан гөрі 5 есе тез таралатын және 70 есе тез көбейетін қауіпті «Омикрон» КВИ жаңа штамы айналымда жүргенде вакцинацияның маңыздылығын атап өту керек. Эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауына және Жамбыл облысының «қызыл» аймаққа көшуіне байланысты карантиндік іс-шараларды қатаңдату туралы қаулы шығарылды. Білім беру объектілерінде жүргізілген мониторингке сәйкес, осы оқу жылында оқушылар мен тәрбиеленушілер арасында коронавирустық инфекциямен сырқаттанудың 379 жағдайы тіркелді», — деді спикер.
Байділда Сейділдаұлы Тараз қаласының 7 мектебінде оқушылар арасында коронавирустың 5 және одан да көп жағдайы тіркелгенін мәлімдеді. Олар, Ы.Алтынсарин атындағы №49 мектеп-гимназиясы, Ә. Бөкейханов атындағы №1 гимназиясы, №47 Орта мектеп, №40 гимназия, №43 Орта мектеп, А. Пушкин атындағы №41 көпсалалы гимназиясы, И. Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясында.