Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов бейне-байланыс режимінде «Great Production LTD» (Goknur Gida) түрік компаниясының басшысы Осман Асланалимен кездесті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сәпиев те онлайн режимде қатысты.
Кездесу барысында тараптар өңір аумағында үдемелі бау-бақша шаруашылығын дамыту және жеміс-жидек өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі жобаны іске асыруға байланысты мәселелерді талқылады.
Жоба аясында 1100 га бақша салуды және қайта өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Жобаны 2024 жылға дейін бірнеше кезеңмен жүзеге асыру жоспарлануда. Инвесторлар өңірімізде өндірілген өнімді ішкі нарыққа және шетелге сатуды жоспарлап отыр. Жобаның құны 98,4 миллион АҚШ долларын құрайды. Ол бойынша 1000 жұмыс орнын ашу көзделуде десек, негізінен жұмысқа жергілікті тұрғындар тартылмақ.
Осман Асланали «Great Production LTD» Түркиядағы жеміс-көкөніс концентраттарын өндіретін ең ірі компания екенін атап өтті.
– Елімізде инвестициялық ахуалды жақсарту үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда. Шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деп түйіндеді сөзін аймақ басшысы.