Жамбыл ауданындағы Білім күні мерекесіне аймақ басшысы Асқар Мырзахметов қатысты

0 1

Бүгін Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Білім күніне орай ашылған оқу ордасының Алғашқы қоңырау салтанатты шарасына аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың өзі қатысып, мекеме ұжымы мен оқушыларға жаңа оқу жылында жаңа жетістіктер мен сәттілік тіледі, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бірлесу-Еңбек орта мектебі демографиялық өсімге байланысты орын тапшылығын жою мақсатында жаңадан бой көтеріп отыр. Жаңа білім мекемесінде балалардың сапалы білім алуларына барлық жағдай жасалған. Мектепте 18 оқу қабинеті, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, 2 компьютерлік сынып, робототехника және жаңа модификациялық кабинеттер бар. Биыл мектепте барлығы 250 оқушы 2 ауысымда оқымақ. Онда 39 педагог қызмет етсе, оның 12,5 пайызы жас мамандар.

Айта кетейік, жамбылдықтар жаңа оқу жылын жаңа леппен бастамақ. Өңірде жыл сайын жаңа мектеп пен балабақшалар құрылысы қарқын алып келеді десек, бүгінгі Алғашқы қоңырау күні облыс бойынша 5 мектептің пайдалануға беріліп отырғандығы соның айғағы. Оның 1-уі үш ауысымды, 1-уі апатты және 3-уі орын тапшылығы бар мектептің мәселесін шешіп отыр. Қазіргі таңда өңірдегі үш ауысымды мектептердің мәселе түйіні толығымен тарқатылған. 

Сонымен қатар жыл соңына дейін тағы да 4 нысан пайдалануға беріледі. Қалған апатты және орын тапшылығы бар мектептердің құрылысын жүргізуге облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, мәселесі кезең-кезеңімен шешілетін болады. Биыл облыстың білім жүйесін қаржыландыруға 130 миллиард теңге бөлінсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22,2 миллиард теңгеге артық. Оның 5,1 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге қарастырылған. Бүгінде 15 білім нысанының құрылысы жүргізілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.