«Тектұрмас» жобасы екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде Әулиеата ескерткішін орнату жұмыстарын аяқтап, Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ескерткіштің ашылуы жоспарлануда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Бүгінгі таңда ескерткіштің тұғыртасы қалануда. Тұғыртастың биіктігі 8 метр, ескерткіштің биіктігі 13 метр. Ескерткіш биік қырдың басында орналасқан. Қырдың етегінде кіре берісінде арка, арнайы көру алаңы, ескерткішке көтерілетін баспалдақтар орналасқан, жанында Талас өзені ағып жатыр. Өзеннің үстіндегі көпірдің екі жағында биіктігі 4 метр болатын екі арыстанның скульптурасы, баспалдақтар бойымен қарлұқ қағанаты кезінен араб экспансиясы келгенге дейінгі қалаларды бейнеленетін инсталяциялар орнатылады.
Екінші кезеңде ескерткіштің сол жақ бөлігіндегі алаңда Атлах шайқасы мен Аңырақай шайқасын бейнелейтін қабырға орнатылады. Келесі жылы Тектұрмас пен «Шахристан» тарихи-мәдени кешенін байланыстыратын аспалы жол салынатын болады.
Ескерткіш «Көне Тараз» қорынан демеушілер мен қалталы азаматтардың қаражатына салынуда. «Көне Тараз» қорының президенті Азимов Муратбек. Құрылыс басында 80 жұмысшы,8 техника жұмыс істеуде.