Жамбыл облысында Кенен Әзірбаевтың ескерткіші ашылады

0 23

Жамбыл облысының 80 жылдығына орай «Баласағұн» ОКЗ- ның алдынан халық ақыны, әнші, композитор Кенен Әзірбаевтың ескерткіші ашылады,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Ескерткіштің биіктігі 3 метр, мыспен қапталған, іші күйдірілген бетоннан жасалған.

Қазақтың әйгілі халық ақыны, әнші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, КСРО Жазушылар одағы мен Композиторлар одағының мүшесі — Кенен Әзірбаевтың ескерткішін мүсінші Темірхан Көлжігіт жасап, ҚР авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тізімге мәліметтерді енгізу туралы тіркеуден өткізген.

Айта кетейік, Кенен Әзірбаев  1884 жылғы 19 маусымда, қазіргі Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Мәтібұлақ елді мекенінде дүниеге келген — 1976 жылғы 12 сәуірде Жамбыл облысы, Қордай ауданында, сол кездегі Киров колхозында қазіргі Кенен ауылында қайтыс болды.

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен Кенен Әзірбаев өзі өмір сүрген замандағы әйгілі «маусым жарлығы», сонымен сабақтас 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы, одан соңғы Қазан төңкерісі, ұжымдастыру науқаны, халық дәулетінің жаппай тәркіленуі, халықты қынадай қырып кеткен ашаршылық, репрессия , соғыс, одан кейінгі тың игеру мен екпінді құрылыстар салу барысындағы желбуаз ұраншылдық сияқты тарихи оқиғалардың бел ортасында болды. Жай сырттай бақылаушы емес, сол тарихи оқиғаларға Кенен сергек араласып, өзінің азаматтық позициясын бойындағы буырқанған дарыны арқылы айғақтап отырды.

Оның «Бозторғай», « Көкшолақ», «Бұлбұлға», «Он алтыншы жыл» сияқты әндері әуендік толымды жаңалықтарына қоса, бітім-құрылысы мен тақырыбы тұрғысынан да өзіндік төл сипатымен дараланады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.