Корановирустың салдары еңбек нарығына айтарлықтай әсер етті. Көптеген шағын және орта кәсіпорындар, әсіресе қызмет көрсету нысандары әлі де өз жұмысын қайта бастаған жоқ. Демек, жұмыс орындарын тез арада құру, азаматтарды қайта даярлау жүйесін жолға қою, «Бастау Бизнес» бағдарламасының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет.
Бұл мақсаттарға қол жеткізуге «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мен 2020-2021 жылдарға арналған жұмыспен қамтудың өңірлік жол картасы арқылы қол жеткізілмек.
⠀
Ағымдағы жылы осындай белсенді шаралармен 58,6 мың адам қамтылады, оны жүзеге асыруға 85,3 миллиард теңге бағытталған. Нәтижесінде 52,4 мың адам жұмыспен қамтылса, оның 22,6 мыңы – тұрақты.
⠀
Ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында 9,7 мың адам жұмысқа орналасқан. Сарысу, Қордай, Жуалы және Байзақ аудандары мен Тараз қаласында жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру деңгейі облыстық орта көрсеткіштен төмен. Ал, Мойынқұм, Шу және Талас аудандарының жұмыс берушілері зейнетақы қорына өздерінің қызметкерлерінің жарнасын аударуға асығар емес.
⠀
Бүгінде кәсіптік қайта даярлау аясында 171 жамбылдық оқытудан өтуде десек, ағымдағы жылдың 18 мамырынан бастап олардың саны 1350 адамға артпақ.
⠀
Әкімдер мен басқарма басшылары әр жобаның сапасын қадағалап, жұмыс орындарын құрып, құрылысты уақытында аяқтаулары керек,- деп атап өтті аймақ басшысы.
Сонымен қатар, облыс әкімі өткен жылы берілген шағын несиелер мен гранттардың тиімділігіне талдау жүргізуді тапсырды. Жаңа ШОБ құрылды ма, қанша жұмыс орны ашылды, салық базасы ұлғайды ма? Осы секілді сұрақтардың барлығына нақты жауаптар берілуі тиіс, жіберілген қателіктерді қайталауға жол берілмейді.
⠀
Ұлы Жеңіс мерекесі жақындап келеді, осыған орай Ұлы Отан соғысының ардагерлерін жекелей құттықтау керек. Сонымен қатар тыл еңбеккерлерін ұмытпау қажет. Коронавирус инфекциясымен күрес біздің қасиетті борышымызды орындауымызға ешқандай кедергі жасамауы тиіс. Майдангерлермен жүздесіп, олардың ерліктерін қастерлейтінімізді және мұны әрдайым есімізде ұстайтынымызды тағы бір рет көрсетуіміз қажет, — деді Бердібек Сапарбаев жиынды қорытындылап.
⠀