Жамбыл облысында Ұлы Жеңістің 75 жылдығы кең көлемде аталып өтілуде. Өңірде айтулы мерекеге орай Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтау шараларын ұйымдастыру туралы алдын-ала жоспар жасалған , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, облыс еріктілері Жеңіс әнінің сүйемелдеуімен автокран арқылы 98 жастағы М.Бердібаев пен 94 жастағы М.Ережепбаевтың балкондарына дейін көтеріліп, оларға гүл шоқтарын сыйлады.
⠀
Жастар соғыс ардагерлеріне бүгінгі бейбіт күн үшін алғыстарын білдірсе, қарт майдангерлер өз кезегінде тағылымды батасын берді.
Айта кетейік, ардагерлерге құрмет пен ризашылық білдіру мұнымен толастамайды. Жеңіс күніне орай облыстағы 57 ардагерге миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді.
⠀
Тыл еңбеккерлері де назардан тыс қалған жоқ. Соғыс жылдарында тылда 6 айдан астам жұмыс істеген 4247 адам 50 мың теңгеден алды. Сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың 350 жесірі мен мүгедектерінің әйелдері де осындай көлемде әлеуметтік көмекке қол жеткізді.
⠀
Ал, Ленинградтық блокадасында болғандар мен концлагерьлердің бұрынғы тұтқындарына 60 мың теңгеден төленді.
⠀
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген адамдар 100 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек алды.
⠀
Барлығы 6650 адамға бір реттік әлеуметтік көмек көрсету үшін 500 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Мереке күндері облыс басшылығы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтайды.