Тұрар Рысқұлов ауданында 2019-2020 оқу жылындағы ҰБТ-ді Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің базасында өткізу жоспарлануда. Аудандағы мектеп бітіруші 610 түлектің 552-і (90,8 %) ҰБТ тапсыруға өтініш білдіріп отыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігі Ұлттық тестілеу орталығы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына» сәйкес жоғары оқу орнына түсетін орта білім беру ұйымдарының бітірушілері 11 – сынып оқушылары ҰБТ тапсырады. Тұрар Рысқұлов ауданында 2019-2020 оқу жылындағы ҰБТ-ді Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің базасында өткізу жоспарлануда.
Мектеп бітірушілердің 521-і сынақты қазақ тілінде, 31-і орыс тілінде тапсырады.
Бұл іс-шараға 13 аудитория дайындалады. Барлық аудитория ауа баптағыштармен (кондиционер), бейне бақылау камераларымен және ұялы телефон сигналдарын тұншықтыратын құрылғылармен қамтамасыз етіледі. Кез келген ата – ананың онлайн режимінде ҰБТ-дің өткізілу барысын көруге мүмкіндігі болады.
Биылғы мектеп бітіруші түлектердің 40-ы «Алтын белгі» 24-і «Үздік аттестат» алудан үміткер.
Тестілеу форматына сәйкес талапкер 3 сағат 50 минутта 2 блоктан тұратын 120 тапсырманы орындауы қажет: 3 міндетті пән (20 тапсырма) және таңдайтын мамандығына сәйкес 2 бейінді пән (30 тапсырма (20 сұрағының бір- бірден ғана жауабы дұрыс болса, қалған 10 сауалдың бір немесе бірнеше жауабы болады).
Шекті балдан аса алмағандар Ұлттық бірыңғай тестіні 2020 жылдың тамыз айында қайта тапсыра алады. Бірақ бұл жағдайда ЖОО-на ақылы негізде ғана оқуға түсе алады.
Екінші рет тестілеуден өте алмай қалса да, түлектің Университеттерде оқу мүмкіндігі уақытша сақталады. Онда оқу жылының жартысын оқып, келесі жылдың қаңтарында қайтадан тест тапсыруы тиіс. Қазіргі таңда карантиндік шектеулерге қарамастан,үй жағдайында түлектер қашықтан оқу,онлайн тест тапсыру, Вацап желісі арқылы пән мұғалімдерінен кеңес алу,бейнесабақтар көру,арнайы кітапшалармен дайындалу сияқты шараларды қатаң ұстанады. Барлық түлекте бір ғана мақсат-білім нәтижесін көрсету.
Бұл бағытта мектеп ұжымдары да шәкірттеріне бар мүмкіндікті пайдаланып көмек қолын созуда.
Індеттің алдын алудағы қатаң шаралармен қатар білімін шыңдауға шын берілген барлық түлекке педагогикалық-психологиялық кеңестер мен моральдық қолдаулар да көптеп көрсетілуде.