Рухани жаңғыру. «Биназар батыр»  кесенесі

0 125

     Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында  қасиетті мекендер, ескерткіштердің тағылымын атап өткен болатын.   «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейліктің басты элементтерінің бірі», – делінген құжатта.  Аталған бағдарламалық мақаланың аясында  «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жоба бастау алып, жүзеге асырылуда.Құнды жәдігерлерімізді жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа насихаттап, болашаққа мұра етіп қалдыру үшін  аймақтағы киелі орындардың арнайы картасы жасалды.  Солардың бірі- Мойынқұм өңіріндегі Биназар батырдың кесенесі.

 Биназар батырдың бейіті Мойынқұм ауданының, Хантау ауылынан солтүстік шығыста 30 шақырым жерде, Хантау тауының ішінде орналасқан. Кесене 2017 жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандар тізіміне енген.

1994 жылы батырдың 190-жылдығына орай денесі жерленген аумаққа кесене тұрғызылып, жанынан келушілерге арналған қонақ үй салынған. Кесененің құрылысы 7,15×6,75 м көлемінде күйдірілген кесектен қаланып, төбесі күмбезді етіп жабылған.

Биназар Ақеділұлы Қоқан хандарына қарсы соғыста батыр атағын алған. Биназар Түлкібас өңірінен Шу алқабына көшіп барып, егіншілікті дамытуға күш салып, отырықшылық шаруашылықпен айналысқан. Сол кезеңде салынған каналдар әлі күнге дейін шаруашылыққа пайдаланылып, Биназар каналы аталып кеткен. Қазақ халқының соңғы ханы Кенесары Арқадан ығысып, Хантауына келгенде Биназар алғашқылардың бірі болып қол ұшын созған. Ханның әскеріне азық-түлік беріп, алдағы жорықтарға өз руластарынан сарбаздар қосқан. Ағыбай, Сыпатай батырлармен, Бөлтірік бимен жақын қарым-қатынаста болып елдік мәселелерге де үн қосқан.

 

Биназар батыр заманның қиын кезеңінде өмір сүрген. ХІХ ғасырда қоқандықтарға қарсы шығып, елін, жерін жаудан қорғап, күндіз-түні аттан түспеген. Елді елдікке, бірлікке шақыра отырып, отырықшылдыққа үйреткен. Кенесары хан Арқадан ығысып, Хантауына келгенде алғашқылардың бірі болып қолұшын берген. Ханның әскеріне азық-түлік беріп, оның қоластындағы әскерге өзі басқарған көкірек руынан сарбаздар қосқан. Ағыбай батырмен, Сыпатай батырмен, Бөлтірік бимен өте жақсы қарым-қатынаста болған.

Биназардың бір ерекшелігі, Шу өзеніне бөгет салып, халқына тоған қаздырған, егін ектірген. Соңына ерткен ел-жұртын бірқалыпты өмірге бейімдеген әділетті жан болған.

Тарихи роман жазып, батыр тұлғаны бейнелеу – сең бұзумен тең! Сең бұзуға қалам құдіретіне табынған кез келген қаламгердің батылы жетпейді. Заманының классигі саналар, аты әйгілі жазушының өзі бұл тақырыпқа қалам сілтеуге жүрексінеді. Сонау өткен ғасырдағы батыр тұлғаның елінің бірлігі, жерінің тұтастығы үшін жан-тәнімен күрескен өмір жолын, кескін-келбетін шынайы суреттеу, шындықтың шырағын жағып, оқырман жүрегінен орын алу сең бұзумен қатар инемен құдық қазғанмен тең.

Алматыдағы «Құралай Б» баспасынан жарық көрген белгілі жазушы Болат Оңғарбайдың «Биназар батыр» романы осы ойымыздың айқын айғағы. Романда батыр тұлғасы ерекше көрініс тапқан. Ол ХІХ ғасырда қазақты қанаған, зорлық-зомбылық көрсеткен Қоқан хандығына қарсы шығып, елін, жерін қорғаған. Автор батырдың бұл бағыттағы ерен ерліктерін тарихи дерекке сүйене тізбектеп емес, әдеби тілмен әспеттей білген.

Оған он бес тараудан тұратын роман¬ның алғашқы «Көлжайлаудағы құпия» беташарынан бастап батырдың туып-өскен оңтүстік өлкесі көркем кестеленгені куә. Батырдың кіндік қаны тамған Алатаудан құлай аққан Балдыберек өзенінің сарылы таңғы тыныштық тынысын сездіргендей дей келе «Өзенді жағалай берек бұтақтары өседі. Аралар сол бұтаққа ұя салып, шырын балдарын төгеді. Сол беректен тәтті балдар тамшылай ағып тұрған соң өзен Балдыберек атанып кеткен» деп сөз өрнегін құрады. Одан әрі роман осы өңірді төрт дулаттың шымырынан таралатын көкірек руы мекендейтінін тілге тиек етеді. Сондай-ақ түп аталары Бәйдібектің Ақсақ Темірмен замандас, достық қарым-қатынаста болғанынан өріс тартып, тарихи деректер әдеби бейнеде өрімделеді.

Кезінде оқырманы сүйсініп оқыған бірнеше кітаптың авторы Болат Оңғар¬бай¬дың да «Әйгілі Ақсақ Темір ханның әмірі бойынша 1396-1398 жылдары Түркістан шаһарын хан ордасы етіп, Қожа Ахмет Ясауи бейітінің басына зәулім сағана – мешіт салдыра бастайды. Бұл кезде Бәйдібек батыр Боралдай елінің жылқылы байы әрі биі болып тұрды. Әділ сөзімен, кесімді билігімен, адамгершілік ақыл-парасатымен елге кеңінен танылды» деп тарих тамырынан желі тартуы шынайылыққа бет бұрғаны екені айна-қатесіз.

Тарихи деректі тізбектеуді мақсат тұтпай, шынайылыққа бет бұр¬ғаны Биназар батырдың түп тегінен – арғы аталарынан романның бұлақ көзін ашса, балаң тұлғаның бей¬несін сол заман ағымына орай батырлық туын желбіреткен желкен қайыққа балаған. Биназардың балаң тұлғадан батыр тұлғаға айналуы аса күрделі әрі шиеленіске толы ХІХ ғасырдағы ел басына күн туған қиыншылыққа тап келеді. Романда сол қиыншылықты жеңгені, Қоқан хандығының қанаушылығынан қаша көшіп-қонып жүрсе де елін бірлі¬гінен, іргелі тірлігінен айырмағаны көз тартар ою-өрнектей көркемделген. Ол қоқандықтардың қысымымен қоса, Ресей патшалығы Қазақстанның оңтүстігін қарамағына қаратып, боданда ұстауды көздеген кезең еді.

Иә, ол кезеңде еліміздің оңтүстік аймағы ресейліктерден бұрын Қоқан ханының зорлық-зомбылығынан қасірет шегіп жатқан. Оның бір көрінісін, ақиқаты Биназардың алғаш жекпе-жекке қалай шыққанын жазушы жаны тебірене, қалам құдіретіне табына толғайды. Батырлардың кескін-келбетін, болмыс-бітімін, кесек тұлғасын, ерлігі мен елдігін көркем тілмен көз алдыңа елестетеді. Ерлігі мен елдігін, беделі мен билігін қатар ұстанған батыр аз болмаған. Соның бірі – Сыпатай батыр. Оны автор «Қоқанның езгісіне қазақтар 1809 жылы қарсы шықты. Осы шайқаста Сыпатай батырдың аты төрт дулатқа кеңінен мәшһүр болды. Ел-жұрт Сыпатай сынды батырларына арқа сүйей бастады. Алайда соған қарамастан қоқандықтар тырнақтарын батырған үсті батыра түсті. Бұл ел-жұрттың ашу-ызасын тудырды» деп дәйектейді.

Жазушының Биназар батырдың образын жасанды емес, нақты дерекке сүйеніп әдеби тілге ден аудара жасағанына тәнті боласыз. Тереңнен тарамдасақ, 1821 жылдың жазында қоқандықтар қазақтарды қырып-жоюға қисапсыз қол жібергені тарихтан аян. Сойқан шайқас алдында Сыпатай батыр Алатау баурайын жайлаған дулаттың төрт баласының ұрпақтарына «Қоқандықтарға тойтарыс береміз, не болмаса майдан даласында өлеміз» деген сауын айтады. Мұны естіген оңтүстік өлкесіндегі «Көлжайлаудан» екі мың қолмен Мәнжі батыр мен Биназар ¬Сыпатай қолдаған қалың қолға қосылғанын, жекпе-жекте қоқан батырының бір өзі қазақ батырларын баудай түсіргенін, сонда Биназар Сыпатайдан бата алып, жекпе-жекке шыққанын «Бір кезде Биназар қоқандықты атынан аударып түсірді. Жаудың дулығасы анадай жерге ұшып түсті. Биназар найзасын ¬жерге шанши сала ертоқымның басына іліп қойған шоқпарын қолына алды. Қоқандық орнынан тұруға жанталасып жатқанда атын кілт бұрып келіп жаудың басын шоқпармен бір-ақ ұрды. Бас қақ айырылып, қан судай шапшыды. Іле миы жерге ағып түсті…» деп ыза-кектің отын тұтатады. Ыза-кек оты, әсіресе қанды шайқаста лаулай жанары даусыз.

Сыпатай батыр бата беріп, ерлігіне рия пейіл танытқан сәттен «Биназар батыр» атанады. Кеудесінде ыза-кек оты лаулай жанғанның «Көкіректер соғысы» тарауында батырлық келбеті, жаужүректігі даралана түседі. 1745 жылы Ташкент билігі Төле бидің қо¬лына толық көшіп, Жетісуға дейінгі қазақ жері қалмақтардан азат етіл¬геннен кейін қазақ-қырғыз, қазақ-қоқан қақтығыстары өрттей өрші¬гендегі ерлігі жазушы қаламына желі тартады.

Сонымен қатар Төле би қайтыс бол¬ған¬нан соң өзбектерге тілімен де, түр-тұлғасымен де ұқсас Шағатай, Жошы, ¬Хажы-Тархан әулеттері мен Қоқан хандығына арқа сүйеген сарт-қашқарлықтар арасын¬дағы билікке таластың орамы да өзіндік өресін тапқан. Төленің орнына кенже ұлы Қожамжар шаһар бегіне сайланғанда жаудың оны қос өкпесінен қысқаны, нақтысы қоқан мен қырғыздың арадай талағаны, содан 1765 жылы Арқадан Абылай ханнан келген көмектің Піскент жағасында Ташкентке бет түзеген Қоқан қолын тас-талқан еткенін де шұрайлы тілмен шынайы жеткізеді.

Қоқан хандығымен ұзаққа со¬зылған соғыста Биназар батырдың кескін-келбеті, болмыс-бітімі жандана түседі. Автордың ол көріністі «1821 жыл төрт дулаттың қазақтары үшін ең ауыр мезгіл болды. Сыпатай бастаған қоқанға қарсы көтеріліс кезінде талай боздақтар мерт болып, мыңдаған шаңырақтар қара жамылып қалды. Бұл ел-жұртты қатты есеңгіретіп, күйзелтіп жіберді. Қоқандықтардың қазаққа деген өшпенділігі артып, қит етсе жазалауға дайын тұратын болды. Әсіресе көкіректерге, оның ішінде Биназар мен Мәнжіге деген өшпенділіктері арта түсті. Осы «екі батырдың басын алып келгендерге үлкен сыйлық береміз» деген әңгімені ел арасына кеңінен таратып жіберді» деп сөз өрмегін өруден батырдың айбынды тұлға екені әйгіленгені ақиқат.

Аты жер жарған көкірек¬тердің ба¬тыр¬лықпен қоса палуандықтары да асқар таудай екенін, әсіресе Қараның Құдайғұл атасынан тарайтын Дегенбай палуанның баласы Айтымбеттің ұрпағы Сүйіндік бабаның қолымен нұқығаны тірі қалмайтын жүрек жұтқан немересі Қазыбайдың қоқанға қарсы соғыста Мәнжі мен Биназарға ақыл-кеңесші бола жүріп ерен ерлік көрсеткенін роман желісіне ұластырады. Бірде қасында сіргелінің екі жігіті бар оның Ташкент шаһарында шөлдеп келе жатқанда бау-бақшаға тоқтап, екі қауынды қолтығына қыса атына беттегенде салып-салып жіберген күрек сапты жұлып алса да қоймай екі қолымен жұдырықтаған сартты періп қалғанда ұшып түсіп, жан тәсілім еткені де нанымды баяндалған. Отыз шақты жігіттің Қазыбайды байлап-матап алып барғаны Қоқан хандығына сатылып, Ташкент шаһарының бегі болып тағайындалған Жүнісқожаның гаремі екенін білген сіргелінің екі жігіті көкіректерге хабар бермек оймен «Сынтасқа» құстай ұшады.

Содан көкіректердің игі жақсылары Жүнісқожаның немересінің құнын төлеп, Қазыбайды құтқарып алу үшін Ташкентке жиырма шақты қарияны аттандырады. Жүнісқожа оларды да зынданға тастап, көп ұзатпай ел көзінше дарға асатынын айтады. Бұған шыдамаған Тілепалды палуанның екінші ұлы Дәукей палуан үш жүз жігітті бастап жолға шығады. Оған Тілепалды палуанның ұлдары Жамантай мен Мәнжі қосылады. Осы қиян-кескі шайқасты жазушы «Сөйтіп, бес қаруларын асынған үш жүз жігіт Ташкентке аттанып кетті. Түнгі үркер ауғанда Ташкент шаһарына жеткен сайдың тасындай жаужүрек жігіттер Жүнісқожа гаремінің қақпасының алдына өте сақтықпен келді. Мәнжі палуан қақпаны бар күшімен жұлып алып, көкірек жасақтары ішке қарай лап қойды. Қаннен-қаперсіз жатқан Жүнісқожа ләшкерлері не болып, не қойғанын білмей қалды. Қы-лыштарын оңды-солды сілтеген сарбаздар Жүнісқожаның ләшкерлерін қырып салды. Әсіресе ашуға мінген Мәжінің бір өзі жүз шақты жаудың басын алды. Жігіттер гаремді тас-талқан етіп, Қазыбайды, тағы басқа кешірімге барған қарияларды зынданнан шығарып алды. Жүнісқожа жерас-ты жасырын жолмен қашып кетті» деп суреттейді.

Келесі «Биназар мен Ағыбайдың достығы» тарауында 1847-1849 жылдары Ағыбай батырдың орыс отаршылдарымен соғысқаны, Кенесары-Наурызбай кегі үшін қырғыз манабы Кәрібоздың басын шауып, Жантай мен Жанқараштың алдына тастағаны, орысқа арқа сүйеген қырғыздар қырғидай тиген соң Бетбақтың даласына көшкені көркем тілмен кестелене келе, Биназармен достығы жарасымды жалғасады. Одан әрі Биназардың қырғыз батыры Қарабәйтікпен шайқасы тарихи дерекке сүйене суреттелсе, Сыпатай батыр мен Ағыбай батыр арасына жасаған бітімгершілігі ерекше өрнек құрады. Әрі батырлықтың бірлікке қалай ұласқаны белең алады.

Ал «Биназардың соңғы өсиеті» тарауында роман түйіні оқырманын өкінішті күйге бөлейді. Өкіндіретін батырлықтың туын тігіп, елін қорғаған, руының намысын көкке өрлеткен Биназарға алым-салықты шектен тыс көп салып, азулы тісін тереңірек батыратын өз аталасы, Шымырдың Шынқожасынан тарайтын Сәмбет пен Көкірек руының болысы шынжыр балақ, шұбар төс Байболаттың бақталастығынан туындаған қия¬наттығы! Қиянаттық түбі – қасірет! Оған дәлел: жазушының Биназар батырдың сол заманда хат танитын, көзі ашық, көкірегі ояу ұлы Дуананы орнымды иеленер деп қауіптенген Байболат болыстың қонаққа шақырып, атының таралғысына баттастыра әдейі жаққан удан қайтар жолда қалай уланып өлгенін тартымды суреттегені. Сенесіз. Тарихи дерекке сенбеске шараңыз жоқ.

Тіпті Дуананың өлімін Көкірек руы аза тұтқаны, енді жеке болыстыққа қайтіп бөлінеміз деп ойға батқаны да ақиқаттан ауытқымаған айғақ. Ол айғақты жазушы Биназар батырдың бұрынғы Үшалматының жеріне орыстар салдырған Верныйда оқып, Талғар болысында тілмаш болып қызмет жасайтын, кейіннен ел арасында әділ де жайлылығына орай Жайлыбек атанып кеткен Шымырдың Шынболатынан тарайтын Бозан көкірегі Ыбыраһимді жеке болыстыққа қалай сайлатқанын саралай түседі. Одан әрі бақталастықтан арылмаған Байболат болыс Биназар батыр мен Жайлыбекті қонаққа шақырғаны қайғылы оқиғаға тоғысады. Даяшы жігіт бас пен жамбасты Жайлыбекке қойғанда Байболаттың орнын ауыс¬тырғанынан секемденген Биназар «Жайлыбек жас та болса ел ағасы ғой. Бас пен жамбасты соған тартайық. Ал мына табақты мен алайын» деп Жайлы¬бектің алдындағы табаққа у салынғанын сезіп, өзіне қарай ысырады да сүбені бәкімен бір-екі мәрте кесіп жейді.

Биназар батырдың сүбеден бір-екі мәрте кесіп жеуі өмірінің тұйықталуы еді. Сұңқардағы ауылына қайтар жолда аттан түсіп, Жайлыбекке сүйегін сол жерге – екі рудың шекарасына қоюын, артынан еріп келген туыстарының осы өңірде өсіп-өніп, өркен жаюына бар күш-жігерін салуын өтініп, әрі көкірек елін өзіне аманат етеді. Одан соң автор ойын: «Биназар аспанға көз тастап еді, көк жүзінде қалықтай ұшып жүрген қыран құсты көрді. Содан көз жанарын алмай ұзақ қарады. Қалықтаған қыран «Сұңқар» шыңын айналып жүр. Қыран құс қашанда биікте қалықтап, «Сұңқарды» мекендейді, Биназар да кезінде сұңқарша қалықтады. Қоқандардан қорлық көрген ел-жұртын қорғады… Батырдың көз алдына туған жері, «Дарбаза шатқалы», «Көкірек жайлауы», «Балдыберек» өзені келді. Туған жерін бір көруге зар болған Биназар батыр Мойынқұм даласында соңғы рет ауыр дем алып көз жұмды» деп тебіренеді. Бұл романның да ақырғы байламы еді. Бұл елін қорғаған ерліктің қасіретті қазасы еді! Жазушы шешімі – батыр тұлғаның нанымды бейнесі, шындық желісіндегі тарихи деректің түйіні солай.

Мойынқұм ауданы «Рухани жаңғыру» офис менеджері

Нұрболат Тілеухоров

Leave A Reply

Your email address will not be published.