Осыдан 81 жыл бұрын (1939) Жамбыл облысы құрылған болатын.
Облыс — Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан.
Әкімшілік орталығы — Тараз қаласы.
Тұрғыны 82 902 адам (2019). Ұлттық құрамы: қазақтар (70,20%), дүңгендер (9,79%), күрдтер (6,08%), түріктер (5,07%), орыстар (4,15%), басқалары (4,72%).
Құрамына 10 аудан, 1 облыстық деңгейдегі, 3 аудандық деңгейдегі қалалар кіреді. Облыс түсті металдарға, баритке, көмірге, қаптайтын, төсейтін және техникалық мақсаттағы тастарға, құрылыс материалдарына бай. О
блыста қазақ және орыс драма театрлары, филармония, 5 мұрағат, кітапханалар, клубтар мен мәдениет үйлері бар.
Тараз қаласының аумағында б.э.д. X-XI ғасырлардан сақталған Айша-Бибі және Бабажа қатын сағаналары, X-XIII ғасырлардан қалған Қарахан мен Дәуітбек сағаналары орналасқан.
Аудан 1928 жылы Әулиеата ауданы атымен (шамамен 946-992 жж. өмір сүрген Қарахан әулетінен Әулиеата атанған екінші ханның мекені болған) Сырдария өлкесінің құрамында өмірге келген. Аудан орталығы Әулиеата қаласында болған. Бұл — Кеңестер Одағының жер-жерде коллективтендіру науқанын жүргізе бастаған шағы. Аудан алғаш құрылғанда 18 ауыл шаруашылық артелі жұмыс істеген. 1932 жылдың 20 ақпанында Сырдария өлкесі Қызылорда, Түркістан облысы болып екіге бөлініп Әулиеата ауданы Оңтүстік Қазақстан облысының құрамында қалды. Ал, 1936 жылдың 10 қаңтарында Әулиеата ауданы сол кездегі Қазақстанның басшысы Мирзоянның есімімен аталды. Қазақтар «Мырзажан» немесе «Мырзабала» атаған. Мирзоян 1938 жылы халық жауы болып ұсталып кеткен соң, ауданға осы жылдың 1 шілдесінде қазақ халқының Гомері атанған ұлы Жамбылдың есімі беріледі.
«Ұлы жұт» — ашаршылықтан кейінгі 1933 жылы аудандағы колхоздардың саны 60-қа жетті. Алайда ауыл шаруашылығы өндірісін жетік білетін маман кадрлар, құрал-сайман жетіспеді. «Жүк ауырын нар көтереді» деген, осы тұста елдің белін көтеріп, колхоз қабырғасын өруге Құлманбаев, Б.Кейкиев, Б.Тайшапов, А.Байзақов, Үкібаев сияқты арда азаматтар келіп, қыруар шаруаның қыл-шылбырын есті, үлкен ұйымдастырушылық іс жүргізді.
1938 жылдың наурызында Жамбыл ауданының құрамынан Свердлов, Луговой аудандары бөлініп шықты. Сол кезде ауданда 6 селолық совет, 40 колхоз, 4 совхоз, 2 МТС болды. Колхоздар мен МТС-терді ұйымдық жағынан нығайту, олардың материалдық-техникалық базасын күшейту нәтижесінде егіс көлемі, мал саны едәуір көбейді, ауыл шаруашылығы өнімі арта түсті.
1939 жылдың 14 қазанында Жамбыл облысы Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлініп шығып, өз алдына облыс болып құрылды. Жамбыл ауданы осы облыстың құрамында қалды. Орталығы да Жамбыл қаласының өзінде болды. Осы жылы ауданның құрамында Ақбұлым, Ақжар, Ақкөл, Аса, Берікқара, Бесағаш, Билікөл, Головачевка, Гродеково, Есентөбе, Қаратөбе, Қараөзек, Қостөбе, Полатқосшы сияқты 15 ауылдық кеңес жұмыс істеді.
Елуінші жылдары экономикасы әлсіз колхоздар ірілендіріліп, 1956 жылы техникамен жарақтанған қуатты 14 колхоз аудан әлеуетін дамыту жолына түсті. Ал жетпісінші жылы ауданда даму жолынан өткен 6 колхоз, 11 совхоз болды. Шаруашылықтардың барлығы қуаттана түсті. Мысалы «Ақкөл» колхозының өзінде 30-дан астам трактор, 15 комбайн, 40 автомашинасы мен басқа техникасы жыл сайын қыруар пайда табуға мүмкіндік берді.
Киелі топырақ ұлылық туғызбай қоймайды. Ауданды әр кезеңде қазақтың озық ойлы, зиялылары басқарып, ауданның экономикасының көтерілуіне үлестерін қосты. Х.Баймуханбетов – аудандық партия комитетінің алғашқы бірінші хатшысы. Одан кейінгі аудан тізгінін ұстаған Күләш Әскеева кейін облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары және басқа да басшы қызметте болды. Өткен ғасырымыздың елуінші жылдарының соңына қарай аудан тізгігін ұстаған Т.Ақбозовты, одан кейін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Ш.Қалдыбаевты аудан халқы үнемі еске алып, олардың жақсы істері жайлы әлі күнге әңгімелеп отырады.
Алпысыншы жылдардың басында Жамбыл ауданы таратылып, Жуалы, Байзақ (ол кезде Свердлов) аудандарының құрамына берілді. Арада екі жыл өткеннен кейін 1966 жылдың қысында Жамбыл ауданы қайта құрылды. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Ыбыраев, аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып Ә.Сандыбаев тағайындалды. Жаңадан құрылған ауданды бұлар қысқа мерзім ішінде аяғына қойып, облыстағы алдыңғы қатарлы аудандарының санатынан көрінді. А.Аширов, В.И.Ким, А.Л.Костянкин сияқты білікті азаматтар өздеріне сеніп тапсырған ұжымшарлардың дәулетін шалқытып, бай шаруашылықтар қатарына жеткізді. Әнуарбек Сандыбаев аудан тізгігін он жылдай ұстады. Ол кісі тынымсыз еңбек етіп, ауданның әлеуметтік жағдайын көтерді. Әнекеңнен кейін ауданды С.Қожақанов, Т.Б.Мүсіралиев, Зайцев, Ю.Н.Морозов, В.И.Синельников, Д.Тоқбергенов, Ә.Әсілбеков, М.Байгедиевтер басқарды. Халықтың ажары осындай халық бағбаны атанған зиялы азаматтармен ашық екен. Бұлардың қай-қайсысы болмасын өздеріне тапсырылған жұмыстарды мінсіз атқарып, аудан жұртшылығының есінде қалды. Қазіргі таңда ауданды Жуалы ауданының перзенті М.А.Дүйсембаев басқаруда. Бұлардың қай-қайсысы болмасын аудан экономикасын көтеріп, халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге күш салды.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы құйынды да дүрмекті күндерді, дүние тамұқтың отына оранған зұлмат кезеңді, аудан халқының бастан кешіргені белгілі. Ел енді-енді еңсесін көтеріп, жағдайы түзеле бастағанда батыстан соққан қара дауыл талай кеудедегі көктемнің қызғалдағын жұлып кетті. 1941 жылдың 22 маусымы күні басталған қанқасап соғыстың салған лаңын күні бүгінге дейін кәрі де, жас та ұмытқан жоқ. 1418 күн мен түнге ұласқан, өмір мен өлім айқасқан, бораған оқ ішінде жүріп, сол соғыстан елге аман оралған ардагерлеріміздің қатары да жылдан жылға сиреп келеді.
Сол сұрапыл жылдары ерен ерлік үлгісін көрсетіп, есімі бүкіл одаққа тараған аудан азаматтары да болды. Құралайды көзден атқан мерген Ыбырайым Сүлейменов Қазақстанда жасалған 101 бригада құрамында соғысып, Новель қаласының түбінде ерлікпен қаза тапты. Бір өзі 280 немістің көзін жойды. Қайтыс болғаннан кейін оны Кеңестер Одағының Батыры атағын беруге ұсынды. Қазір батыр атында Таразда үлкен көше бар.
Ыбырайым Сүлейменов соғысқа дейін Жамбыл МТС-де тракторшы болып жұмыс істеген. Жыл сайын жазда егін орағына қатысып, тындырылымдығымен, өжеттілігімен ұжымшар басшылары мен колхозшылардың көңілінен шығып отырған екен. Оны көзі көргендер күні бүгінге дейін жыр етіп әңгімелейді.
Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталғаннан кейін ел еңсесі көтеріліп еңбекке деген құлшынысы артты. 1949 жылға дейін 16 адамға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, 54 еңбеккер Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. 21 адамның омырауында Ленин ордені жарқырады. 103 адам «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері атанды. Бәйгелді Кейкиев басқарған «Кеңестөбе» колхозының өзінен 8 Социалистік Еңбек Ерінің шығуы ауылдың даңқын аспандатып тастады. Олар: Науат Егембердиева, Міртай Бейсалиев, Рысқұлбек Тұрғынбаев, Шынтас Тілеубаев, Күртібай Жанбосынов, Тастемір Дәуренбеков, Поштабай Қырбасов. Осы кезеңде ауданның басқа ұжымдарынан да одақтағы ең құрметті атақты иеленгендер аз болған жоқ. Солардың қатарында Күлімжан Күтімова, Сейдуалы Есімов, Әзімбек Ысмайылов, Мариям Мырзахметова, Түйте Пірімқұлов, Ысқақ Сүлейменов, Серафима Васильевна Таркаева, Әжібай Тілеубердиев, Патыш Юнусова, Жәнібек Жанталиев, Ақын Жақсылықов, Мария Тимофеевна Енькова (Радченко), Сәрсен Қазанғапов, Әбден Батыров сынды қиын шақта ел байлығын еселеген абзал азаматтар бар.
Жібек жолының бойына орналасқан Жамбыл ауданы соғыстан соң ел экономикасын көтеруге, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бір жола көшті. Ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, ірілендірілді. Аудан орталығы Аса ауылына көшіріліп әкелініп, енді жұмыс істей бастаған шақта, 1963 жылы Қазақ КСР Кеңес Президиумының Жарлығымен аудан таратылды. Ауданның Аса, Бесжылдық, Билікөл, Головачевка, Ерназар, Есентөбе, Қаратөбе және Көлқайнар селолық кеңестері Жуалы ауданына, Бесағаш, Гродеково, Қостөбе, Полатқосшы селолық кеңестері Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданының құрамына берілді.
1966 жылдың 31 қаңтарында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Жамбыл ауданы қайта құрылып, орталығы Жамбыл қаласы болып белгіленді. Ауданның құрамына Аса, Головачевка, Ерназар, Қаракемер, Қаратөбе селолық кеңестері Жуалы ауданынан, Бесағаш, Гродеково, Жамбыл, Көлқайнар, Пионер және Полатқосшы селолық кеңестері Байзақ ауданынан қайтарылып берілді. Аудандық партия комитетінің 1-хатшысы болып бұған дейін облыстық тәжірибе стансасының директоры болған Нұртаза Ыбыраев сайланды. Аудандық атқару комитетінің төрағасы болып бұрын Жуалы аудандық партия комитетінің, кейіннен ауатком төрағасының бірінші орынбасары болған Ә.Сандыбаев аудан экономикасын жақсарту жұмысын білікті маман кадрлар дайындаудан бастады.
1973 жылдан Аса ауылы аудан орталығы.
Ауданда 6 ұжымшар, 10 кеңшар және 1 тәжірибе стансасы жұмыс істеді. Іргелі шаруашылықтардың бірі – Крупская атындағы ұжымшарды Бейсенбек Тайшапов 25 жыл басқарды. Ол ауданда бірінші болып Өрнек ауылының орталығына жаңа мектеп ғимаратын салғызды. Қазір сол мектепке екі дүркін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған Тайшаповтың есімі берілген. Табыстың тай қазанын қайнатуға ХХІІ партсьезд атындағы ұжымшардың тізгінін ұстаған Арнольд Лазаревич Костянкин, «Октябрь» ұжымшарын отыз жылдай басқарған Махмуд Искакұлы Аширов, «Ақкөл» ұжымшарындағы қожырап кеткен жұмысты жолға қойған Виктор Илларенович Ким, «Жасөркен» кеңшарын біліктілікпен басқарып, қазіргі Қызылқайнар ауылын гүлдендірген Әзімбек Жанболатов, «Қызыл Октябрь» ұжымшарына абырой әперген С.Дауылбаев, Аманкелді атындағы ұжымшарға ырыс әкелген Б.Шаханов қомақты үлес қосты. Жыл сайын аудан жас кадрлармен толықтырылып тұрды. Ауданды Т.Б.Мүсіралиев басқарған кезеңде Е.Жатқанбаев, М.Сыздықов, С.Мұсабеков, Н.Тілегенов, М.Байгелдиев, С.Садықов сияқты мамандар шаруашылықтарды басқаруға жіберілді. Қатардағы еңбек адамдары арасынан да республикаға танымал болғандары аз емес. Олардың қатарында Айша бибі ауылының тұрғыны, КОКП ХХV сьезінің делегаты, екі дүркін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Бегай Кабашева бағалы техникалық дақыл өсіруден биік көрсеткішке қол жеткізгені үшін Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы ордендерімен марапатталса, ауданымыздың құрметті азаматының бірі, сүт бұлағын ағызған балды бармақ сауыншы Валентина Ивановна Иванова Еңбек Даңқы орденінің толық иегері атанды. «Октябрь» кеңшарының сауыншысы өзі еңбек еткен 25 жыл ішінде ерен еңбектің үлгісін көрсетті.
Ортақ табысқа өзіндік үлес қосқан шопандар пионерлік Құрманбек Тубаев пен қаракемерлік Оразғали Ақыновтың есімдері елге ерте танылды. Ауданымыздан Ж.Хаппаев, Х.Миссиров, Ә.Бейсенов және тағы басқа жайылымды төрт-түлік малға толтырған еңбек майталмандары көптеп шықты.