Нидерланды елінің «Farm Frites Beheer» компаниясы жергілікті «К-Агро Холдинг» ЖШС-мен бірлесіп Шу ауданында фри картобын өндіру зауытын салуды жоспарлауда, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Нидерланды Корольдігінің Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі Андре Картенспен кездесті. Ол өңірімізде жүзеге асырылатын ортақ жобалар жайын пысықтау үшін келген.
Жоба құны 145 млн долларға бағаланған. Жүзеге асқан жағдайда 240 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Жоспар бойынша зауыт 2023 жылы қолданысқа беріледі деп күтілуде.
Елшіні жылы шыраймен қарсы алған аймақ басшысы инвесторларға қажетті көмекті аямайтынын жеткізді. Қазіргі уақытта болашақ зауыттың орналасатын жері белгіленіп қойған. Оған қажетті инфрақұрылым да тартылған.
— Қазір ең басты мәселе құрылысты жедел бастау керек. Уақыт өтіп барады. Кәсіпорын бізге керек. Оның шығаратын өнімі экспортталатын болады,- деді Бердібек Сапарбаев.
Андре Картенс құрылыстың созбалаңға салынғаны біздің тарапқа да тиімсіз деп, қандай мәселелер бар екенін білу үшін арнайы келгенін тілге тиек етті.
«К-Агро Холдинг» директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Жеңіс Өсербайдың айтуынша, инвесторлар зауыт салмас бұрын 65 га жерге картоп егіп, өнімділік деңгейін бақылауға ниетті.
Жүздесуге Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Нұрбек Дайырбеков те қатысты. Ортақ жобаның келешегі зор екенін атап өткен вице-министр Нидерланд тарапымен өзге де жобаларды бірлесе жүзеге асыруға болатынын да атап өтті.
— Біздің облыс аграрлы-индустриалды аймақ болып саналады. Көкөніс, жеміс-жидек, әсіресе таулы аймақ болған соң алма жақсы өседі. Жеріміз құнарлы. Қазіргі жобаны жүзеге асырып болған соң өзге де ұсыныстар әзірлейміз. Өзара әріптестік қатынас ауқымын кеңейтуге дайынбыз. Инвесторлардың көбеюіне бейілміз,- деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.