Мен – Гүлнар – Міржақып пен Ғайнижамал Дулатовтардың тұңғыш перзентімін. 1915 жылы қарашаның төртінші жұлдызында дүниеге келіппін. Туған қалам Орынбор болғанымен, әкем туу туралы куәлігімді елден басқа біреулер арқылы алдырған екен. Төлқұжатымда «Қостанай облысы. Торғай. Қазіргі Жангелді» деп көрсетілген. Міржақыптан қалған жалғыз перзент болғандықтан өзімді әке өмірінің жалғасындай көріп, фамилиясын өшірмей, Гүлнәр Дулатова болып өмір сүріп келемін.
Бір қызығы, тілім татарша шығыпты. «Ол неліктен?» – дегенімде анам: «Оның себебі, Орынбор тұрғындарымен, Қазан, Уфадан келіп-кетіп жүретін таныс татар-башқұрт зиялыларымен жиі кездесетінміз. Көршілес бай татар миллионерлерімен де араласатынбыз. Бәрінен бұрын сені ойнатып, күтетін (няня) татар әйелі болатын, сол сенімен татарша сөйлесетін. Сондықтан сенің татарша сөйлеп кетуіңе соның әсері тимеді дей алмаймын, тіпті мүмкін де емес деп ойлаймын», – деп отыратын шешем.
Р.S. Суретте: Міржақып, Ғайнижамал және Гүлнар Дулатовтар. Орынбор. 1923 ж.