Әзілхан Нұршайықов Меңтай жайында

0 301

Ал «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Меңтай да мен соғыстан кейін университетке түскенде өзіммен бірге оқыған қыз. Шын аты Нұрғамила Нұрбосынова, қазір Кентау қаласында тұрады. Сол қаланың Құрметті азаматы. 30 жылға жуық сол қалада тұрып, ұстаздық қызмет атқарған. Былтыр ол кісінің 75 жылдық мерейтойы болды. Ол тойға әрі курстасы, әрі өзі туралы жазылған романның авторы ретінде мен де шақырылдым. Бірақ, үш шарт қойып бардым: бірінші шартым – маған ат мінгізбеңдер, екіншісі – шапан кигізбеңдер, үшіншісі – конверт сыйламаңдар дедім.

Той соңында Меңтай-Нұрғамила (кейіпкерім ғой) сөз сөйлеп, былай деді:
– Сіздің үш шартыңыз да түгел орындалды. Бірақ, «Махаббат, қызық мол жылдар» романын жазған қолыңыз нәумез болмасын деп, шешем 15 жасымда саусағыма салған, 60 жыл өз саусағымнан түспеген мына алтын сақинаны Сізге сыйлауға рұқсат етіңіз, – деп сақинаны өз саусағынан суырып, менің саусағыма кигізді.

Бұл бір жан толқытарлық ғажап оқиға болды. Баяғы Естай ақынның Хорлан қыздан алған алтын сақинасы есіме түсті. Бірақ, Естай мен Хорлан ол кезде 20 жасқа жетсе, жаңа ғана жеткен болар. Естай ол сақинаны өле-өлгенше саусағынан суырмаған екен. «Өлгенімде осы сақинаны өзіммен қоса көміңдер» деп және өсиет еткен.
Мен болсам 80-ге келдім. Бұл сақинаны сақтарлық қанша уақыт қалды менде? Бірақ мен бұл сақинаны жер астына алып кетпеймін. 54 жыл бойы әдеби серігім болып, әр шығармама ақыл, кеңес берген, бар жазғандарымды баспаға әзірлеп, қашан кітап болып шыққанша гранкаларынан көз жазбай қадағалап отырған, сөйтіп, менің жазушы, азамат атағымды аспандатқан сүйікті жан жарым Халима қалдырып кеткен алтын сақина мен кейіпкерім сыйлаған алтын сақинаны өзім өлгеннен кейін мұражайға тапсырылсын деп өсиет етермін. Бұл екі сақина менің шығармашылық еңбегімнің куәсіндей болып, кейінге қалар деп ойладым.

Мен неге Меңтайдың тойына үш шарт қойып бардым? Ең алдымен, бұл менің дүниеқор еместігімнен болар. Екіншіден, тойыма авторым келе жатыр деп шала шабылмасын деп қарт ұстазды аядым. Мұғалімдерде қай жетіскен жалақы, қай астатөк зейнетақы бар? Қазір қарызға ешкім ақша бермейді. Кейіпкерім қиналмасын деп ойладым.

Leave A Reply

Your email address will not be published.