Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы әншілікке бет бұрды. Мөлдір Мұқанова көпшілікке ана туралы әнін ұсынды, деп хабарлайды «ZhambylNews» АА Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Ең қымбат адам ол – Анаң» атты әнді сазгер Азамат Абдрахиев, сөзін ақын Саят Әбенов жазған. Мөлдір Мұқанова бұл әнімен анаға деген сағынышын жеткізгенін айтады.
«Анаға деген махаббат, анаға деген құрмет, сағыныш қанша әнге қосып жырласаң да артық емес қой. Пенде болған соң «көңілдің кейбір кездері» болады. Балалық шағың, анаң, әкең, бауырларыңмен өткен қызық шақтар кассета сияқты көз алдыңа келіп, тіпті сол шақтың иісі де оралғандай болады. Тіпті әке-шешеміздің мейірлене қараған көзқарасына дейін көз алдыңа келеді ғой, шіркін! Сондай сәттерде ара-тұра көзімізді бір сығып алатынымыз бар. Мен бұл сәттерді «көңілдің кейбір кездері» деп айтамын, мұндай сәттердің бізді қайта бала шаққа оралта алатын қасиеті бар.
Бұл ән де балалық көңілдің, жүректің қалауы. Бұл әнді тыңдаған сайын сондай бір сағынышым, мауқым басылғандай күй кешемін», – деп ағынан жарылды Қабатовтың жары.
Мөлдір Мұқанованың әнші болатын ойы жоқ. Ол бұл туындыны арнайы жоба үшін жаздырған. Ал желіге көпшіліктің сұранысымен жүктепті.
«Бір дүние бір дүниеге себепші ғой. Қазақ радиосының журналисі Бағдагүл құрбымның @bagdagulrahmetkyzy «Анама қарап бой түзеймін» атты тамаша жобасы бар, сол жобаның бейнесі ретінде қызымызбен осы әнді орындап, концерттің шымылдығын ашқан болатынбыз. Содан «проклятый популярность» әнімізді тыңдаған көрермендер әнге іздеу салып, «Ханталапай» мен «ММ» орталығымның администраторларына хабарласып, «әннің минусын қайдан алсақ», «текстін қайдан алсақ», «қайдан жүктеуге болады» деп хабарласып, қызығушылық танытқандар қатары көп болыпты.
Халық сұраса түйесін соятын халықпыз, ел ұнатып жатса неге жүктемеске деп әлеуметтік желілерге жүктеген жайым бар. Өздеріңіз тыңдап бағасын бере жатарсыздар, «көңілдің кейбір сәттерінде» тыңдайтын әніңізге айналар», — дейді Мұқанова.