Жас жұбайлардың ажырасуына аталар мен енелер кінәлі. Бұл пікірді әнші «Қызық Live» бағдарламасында айтқан. Түрлі тележобаларда ене рөлін сомдап жүрген Жанар Айжанова жастардың ажырасуына көп жағдайда енелер себеп деген ой айтты.
“Бұрын «енелер мектебі» деген болған еді. Ене жаңа келген келінге бәрін өзі көрсетіп, үйрететін. Келін кем дегенде екі жыл ата-енесінің жанында болып, сол уақытта түскен шаңыраққа үйренген. Жас жұбайлардың бөлмесіне ешкім кірмеген, жас жұбайлардың төсегіне жақындамаған. Мен ешқашан жеңгем мен ағамның бөлмесіне кіріп көрмеппін. Қазақта үлкен мектеп саналған осы енелер мектебі қазір жоқ, енелер үлгі көрсекпек түгілі, келінді түртпектеп, керісінше ұлын қызғанып, ажырасуға себепші болады. Қазіргі енелер ұлын келінінен қызғанады. Соның айтқанын істеп қоя ма деп қорқады. Ұрыстырып отырады. Бұл дұрыс емес. Келін келген үйге сіңіп кету үшін уақыт керек”, –дейді ол.
Әнші енелерден бөлек, аталардың да мәдениетіне көңілі толмайтынын жеткізді. «Бұрын ағаларымыз, әкелеріміз, аталарымыз, балтыры ашылып, қарны ашылып дастархан басында жалаңаштанып отырмаған. Аталарымыз келіндерінің көзінше үнемі жеңі ұзын жейде киетін. Сондай мәдениетті болды. Қазір қайын аталар қарнын ашып, дастархан басында отырады. Шортымен жүреді. Атасы қайсы, келіні қайсы, енесі қайсы белгісіз. Енесі өзі жалаңбас, шашы химия, келініне орамал тағып қояды. Өзің диуанасың, кімге пір боласың?” , — деді әнші.