Қарны көрініп, келінімен бірге шай ішіп отыра береді: Жанар Айжанова қазіргі қайын аталардың қателігін айтты
Жанар Айжанова қазіргі қайын аталардың өрескел қателіктерін ашық айтты. Әншінің ата мен келін мәдениетіне көңілі толмайды. Енелер мәселесін көтеріп жүрген әнші бұл жолы қайын аталар мен ағалардың мәдениеті жайынды әңгіме өрбітті.
Бұл туралы «ZhambylNews» АА «Қызық Live» бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі қайын аталар келіннің алдында қарны мен балтыры көрініп жүре береді деп назын айтты әнші.
“Бұрын ағаларымыз, әкелеріміз, аталарымыз, балтыры ашылып, қарны ашылып не дастархан басында жалаңаштанып отырмаған. Әжесі не анасы қарындасыңның көзінше балтырыңды неге ашып жүрсің деп басынан салып қалатын. Аталарымыз келіндерінің көзінде үнемі жеңі ұзын жейде киетін. Сондай мәдениет болды. Қазақта мәдениет, мектеп деген болды. Қазір қайын аталар қарнын ашып, дастархан басында отырады. Шортымен жүреді. Атасы қайсы, келіні қайсы, енесі қайсы белгісіз. Енесі өзі жалаңбас, шашы химия, келініне орамал тағып қояды. Өзің диуанасың, кімге пір боласың?”, – дейді Айжанова.
Жанар ханым өзінің өмірде де көңілді жан екенін айтады. Актриса мамандығын оқыған әнші өзі ел тек дәстүлі әнші ретінде қабылдайтынын айтады.
“Мен негізі актрисамын. Мен әншілікке кейін келдім. Мені терме айтатын әнші деп қабылдап қалған ғой жұрт. Кейін сериалда көріп “мынаған не көрінді?” деп шошыды. Мені айқайлап, көңілді жүретін адам деп ойламаса керек. Қазір үйренді. Мен әр рольде шындықты көрсеткім келеді. Көп үлкен кісілер менің сол образымды ұнатады. Себебі, бұрынғы енелерді жақсы көреді”, – дейді ол.